Жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне жалпы 2 трлн 451,4 млрд теңге бағытталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша еліміздегі зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрлік дерегінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне жалпы 2 трлн 451,4 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде:
базалық зейнетақыға – 793 млрд теңге,
ынтымақтық зейнетақыға – 1 трлн 658,4 млрд теңге жұмсалған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 2 млн 497 мың зейнеткер бар. Орташа айлық зейнетақы мөлшері – 143 097 теңге. Оның ішінде:
ынтымақтық зейнетақы – 95 491 теңге,
базалық зейнетақы – 47 606 теңге.
Салыстыра кетсек, 2025 жылдың 1 шілдесінде орташа зейнетақы 143 529 теңге болған.
Ведомствоның еске салуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
базалық зейнетақы мөлшері болжамды инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға артты,
ынтымақтық зейнетақы инфляциядан 2% жоғары көрсеткішпен, яғни 8,5%-ға өсті.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы кезең-кезеңімен тұтыну себетінің 70%-ына, ал ең жоғарғысы 120%-ына дейін жеткізіледі.