«Таза Қазақстан»: Түркістан өңірінде 700 мыңнан аса адам жобаға атсалысты

Qaz365.kz редакциясы

Өңірде бүгінгі күнге дейін 4 164 іс-шара өткізілді

Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында 6 404 тазалық шарасы ұйымдастырылып, 15 643 тонна қоқыс шығарылды. Облыс әкімдігі іс-шара жоспарын бекітіп, ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен өңірдің барлық аудан-қалаларындағы елді мекендерде тазалық жұмыстары, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша белсенді іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Аудан-қалаларға кіреберіс аумақтар мен тұрғын үйлердің қасбеттері де абаттандыру жұмыстарымен қамтылуда. 

Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жергілікті БАҚ өкілдері елді мекендерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді телеарналар арқылы тікелей көрсетуде. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жасырын камералармен әлеуметтік эксперименттер өткізіліп, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығы зерттелуде. 

Қоршаған ортаны қорғау мақсатында әкімдік пен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Өткен жылы қоғамдық орындарды ластап, заң бұзған 26 702 тұлғаға 318,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал биылғы жылдың 7 айында санитарлық талаптарды сақтамаған 20 169 тұлғаға қатысты хаттама толтырылып, 455 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде 247 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 5 594 хаттама толтырылып, 31 млн теңгеге айыппұл салынды. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Бағдарлама аясында былтырғы жылдың 6 сәуірінен бастап күнделікті тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, бекітілген кестеге сәйкес облыс аумағында 807 іс-шара сәтті аяқталды. 2024 жылы 2 240 іс-шара жүзеге асырылды. Бұл жұмыстарға 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, облыс көлемінде көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, 120 үйге жөндеу жұмыстары атқарылды. 

Биыл да өңірде тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес облыс аумағында 7 263 тазалық шарасы бекітіліп, бүгінгі күнге дейін 4 164 іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері 732 мыңнан астам тұрғын қатысып, 4 352 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 509 мыңнан астам көшет отырғызылып, 12 254 тонна қоқыс шығарылды.

Облыста азаматтарға абаттандыру, көгалдандыру және аумақтарды санитарлық тазалау бойынша өтініштерін жеткізуге мүмкіндік беретін Telegram-бот ақпараттық жүйесі іске қосылған. Аудан және қала әкімдіктерінің жедел мобильдік топтары түскен өтініштер бойынша тиісті жұмыстарды дер кезінде атқаруда. Былтыр Telegram-бот платформасына 820 өтінім түсіп, барлығы толық орындалған. Ал биыл «TazaQazBot» жүйесіне 2 946 өтінім түсіп, оның 2 938-і орындалды, 8 өтінім орындалу үстінде. Сонымен қатар, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық мекемелерге арнайы техникалар сатып алынуда. 

Аталған акция аясында «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз ауылдар үшін жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл байқау оң тәжірибе ретінде еліміздің өзге өңірлеріне де таралуда.
Түркістан облысының әкімдігі «Таза Қазақстан» жобасы – уақытша акция емес, азаматтардың қауіпсіз, қолайлы және таза ортада өмір сүруіне бағытталған ұзақ мерзімді стратегия екенін атап өтеді.