Төменгі палатадан жұмбақ жағдайда кеткен экс-Мәжіліс депутаты, заңгер Гауһар Танашева көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайына қатысты өткір пікір білдірді. Ол өзінің жазбасында бірнеше жылдан бері бұл мәселені көтеріп келе жатқанын және аналарға бөлінетін мемлекеттік қолдау әділетті болуы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде 4–7 баласы бар отбасылардың көпшілігі өз баспанасы жоқ, тұрақты табысы жеткіліксіз жағдайда өмір сүріп отыр.
«85 мың теңге жалақы үлкен отбасыға жетпейді. Пәтерақы мен азық-түлікті төлегеннен кейін қалатын ақша жоқтың қасы. Көпшілігі күнделікті қажеттіліктер үшін несие алуға мәжбүр», – дейді Танашева.
Осыған байланысты ол көпбалалы отбасыларды жәрдемақыдан айыруға болмайтынын, көмек шартсыз көрсетілуі тиіс екенін қадап айтты.
«Балаларымызды тек өзіміз үшін емес, ел болашағы үшін дүниеге әкеліп отырмыз. Біздің балалар – мемлекеттің жүгі емес, мақтанышы», – деді ол.
Танашева биліктің көпбалалы аналарды бір-біріне қарсы қою саясатын сынға алды. «4–5 баласы бар отбасыларды 6–7 баласы барлармен, бір-екі баласы бар аналарды көпбалалылармен салыстыру – әділетсіз. Қоғамды мұндай бөлуге жол беруге болмайды», – деп жазды экс-депутат.
Ол аналарды бірлікке шақырып, билік тарапынан қаражаттың басқа мақсаттарға бұрылып кетпеуі үшін қоғамның қырағы болуын ескертті.
Сондай-ақ, депутат өз жеке жағдайына тоқталып, біраз уақытын отбасына, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін баласына арнағанын айтты. Сонымен қатар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуді жалғастырып жүргенін мәлімдеді.
Жуырда белсенді ата-аналармен кездескенін айтқан Танашева, халықтың шынайы мүддесін қорғайтын жаңа саяси партия құру бастамасы көтерілгенін жеткізді.