Түркістан қаласында «Әйелдің ішкі әлемі» атты шара өтті

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында «Отбасын қолдау орталығы» мен «Бейсана» Қазақстандық психологтар қоғамдастығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әйелдерге арналған «Әйелдің ішкі әлемі» атты семинар өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шараның негізгі мақсаты – әйелдердің психологиялық саулығын нығайту, өз-өзін тануға және отбасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыруға қолдау көрсету. Семинар барысында кәсіби психологтар қатысушыларға эмоционалдық тұрақтылықты сақтау, стрессті еңсеру жолдары және өзін-өзі дамыту тәсілдері жөнінде тәжірибелік кеңестер берді. Жалпы іс-шараға түрлі жас ерекшелігіндегі әйелдер қатысып, пікір алмасып, мамандарға көкейіндегі сұрақтарын қойды. Қатысушылар семинардың пайдалы болғанын айтып, мұндай жобалардың әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдің ішкі әлемі - өте терең әрі күрделі тақырып. Ол тек психологиямен емес, рухани, мәдени, тіпті биологиялық қырларымен де байланысты. Әйелдің ішкі дүниесі көбіне сезімге бай, нәзік келеді. Ол қуанышты да, қайғыны да терең сезінеді. Бұл ерекшелік оған мейірім мен қамқорлық сыйлайды, бірақ кейде шамадан тыс уайымға да әкелуі мүмкін. Әйелге өзін тек ана немесе жар ретінде ғана емес, жеке тұлға ретінде де тану маңызды. Оның ішкі әлемі өзін-өзі табуға, өмірдегі миссиясын сезінуге ұмтылады. Әйелдерде шығармашылық энергия мен интуиция күшті дамыған. Бұл қасиеттерді дұрыс бағытта қолдана алса, ол өзіне де, отбасына да, қоғамға да үлкен пайда әкеледі.

Айта кетейік, алдағы уақытта да Түркістан өңірінде отбасы құндылықтарын нығайтуға, әйелдердің рухани дамуына бағытталған семинар-тренингтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.