Түркістан қаласында отбасы институтын нығайтуға арналған маңызды қадам жасалды

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасы институтын нығайту, әлеуметтік осал топтарға психологиялық қолдау көрсету, қоғамдағы әрбір жанның әл-ауқатын арттыруға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Маңызды құжатқа «Бейсана» Қазақстандық психологтар қауымдастығы ҚБ Төрайымы Ғалияш Махашева мен Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Мария Досымбекова қол қойды. Бұл келісімнің мақсаты – отбасы институтын нығайту, әлеуметтік осал топтарға психологиялық қолдау көрсету, қоғамдағы әрбір жанның әл-ауқатын арттыру.

Аталған құжат аясында тұрғындарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, жастар мен жас отбасыларға бағыт-бағдар беру, әйелдердің ішкі әлеуетін ашуға ықпал ету сынды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек. Меморандумға қол қою арқылы мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен мамандар күш біріктіріп, Түркістан өңірінде отбасы институтын нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Мамандардың пікірінше, мұндай ынтымақтастық – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен әрбір азаматтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасаудың маңызды қадамы.

Айта кетейік, отбасы институтының маңыздылығы өте жоғары, ол қоғамның тұрақтылығы мен болашағын айқындайтын негізгі әлеуметтік тіректердің бірі болып саналады. отбасы әрбір адамның алғашқы тәрбиесін беретін, құндылықтарды үйрететін орта. Баланың мінез-құлқы, көзқарасы мен өмірлік ұстанымдары ең алдымен отбасында қалыптасады. Қоғамның тұрақтылығы – мықты отбасы – мықты қоғамның кепілі. Отбасы институтының әлсіреуі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің көбеюіне әкеледі.