Отбасы институтын нығайту - бүкіл қоғамның ортақ міндеті

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» тұрғындарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, жастар мен жас отбасыларға бағыт беріледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Гүлмира Исаеваның айтуынша отбасы институты – кез келген қоғамның негізін құрайтын ең басты әлеуметтік құрылымдардың бірі. Бала өмірге келген сәттен бастап алғашқы тәрбиесін, алғашқы мейірім мен сүйіспеншілікті, жауапкершілік пен сенімділікті дәл осы отбасынан алады.

«Қазіргі заманның қарқынды өзгерістері мен ақпараттық ағыны адамның психологиялық жағдайына, мінез-құлқына, қарым-қатынасына тікелей әсер етуде. Мұндай жағдайда отбасының рөлі тіпті арта түседі. Себебі, отбасы – тек әлеуметтік бірлік қана емес, ол рухани тірек, эмоционалдық қауіпсіздік мекені. Отбасында сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен қолдау болса, адам кез келген өмірлік қиындықты жеңіл еңсере алады. Отбасы институтының әлсіреуі – қоғам үшін үлкен қауіп. Өйткені, толыққанды тәрбие көрмеген бала ертеңгі күні өзін-өзі бағалауда қиындық көруі, қоғамға бейімделуде әлсіз болуы немесе түрлі әлеуметтік мәселелерге тап болуы мүмкін. Сондықтан біз әрдайым отбасылық құндылықтарды дәріптеуіміз, ата-ананың жауапкершілігін күшейтуіміз және жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз қажет. Отбасын қолдау орталығында біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргіземіз. Әйелдерге, ерлі-зайыптыларға, жасөспірімдерге арналған психологиялық кеңестер беріледі. Әсіресе, отбасындағы жанжалдарды шешу, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімділікті арттыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін күшейту, өз-өзіне деген сенімділікті қалпына келтіру бағыттары басты назарда»,- деді маман.