Түркістан қаласында қол қойылған ынтымақтастық меморандумы – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы әл-ауқатты арттыруға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Ирина Иманбектің айтуынша бұл құжат – отбасы институтын нығайтуға, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, психологиялық сауаттылықты арттыруға жол ашатын ортақ міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Отбасы – қоғамның берекесі мен тұрақтылығының кепілі. Әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуы, өмірге деген көзқарасы, құндылықтарды түсінуі ең алдымен отбасында басталады. Сондықтан отбасының әл-ауқатын арттыру – мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, қиын жағдайға тап болған адамдарға уақтылы қолдау көрсету – олардың өмір сапасын жақсартуға, өзіне деген сенімділігін қалпына келтіруге және қоғамға бейімделуіне үлкен ықпал етеді. Бізге меморандум арқылы жаңа серіктестік мүмкіндіктері беріліп отыр. Бірлескен жобалар аясында біз әлеуметтік осал топтағы азаматтарға психологиялық көмек көрсетуді күшейтіп, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған түрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастырамыз. Менің ойымша, бұл келісім – Түркістан қаласында ғана емес, бүкіл өңірде отбасылық құндылықтарды нығайтуға, адамдардың жан-жақты дамуына және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал ететін үлкен бастама болады»,- деді маман.
Айта кетейік, меморандумға Бейсана» Қазақстандық психологтар қауымдастығы ҚБ төрайымы Ғалияш Махашева мен Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Мария Досымбекова қол қойды. Бұл келісімнің мақсаты – отбасы институтын нығайту, әлеуметтік осал топтарға психологиялық қолдау көрсету, қоғамдағы әрбір жанның әл-ауқатын арттыру