Түркістан облысында той үстінде әншіні бұрынғы қайын атасы соққыға жықты

Qaz365.kz редакциясы

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Видеодан алынған кадр

2025 жылғы 31 тамызда Түркістан облысының Зағамбар ауылында өткен тойда күтпеген оқиға болды. Әнші Азода өнер көрсетіп жатқан сәтте сахнаға ер адам жүгіріп шығып, оны бірнеше рет ұрған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиғаның видеосын әртістің өзі Instagram парақшасында жариялап, көпшіліктен қолдау сұрады. Оның айтуынша, шабуыл жасаған - бұрынғы күйеуінің әкесі. Олар соңғы төрт жыл бойы араласпаған. Әншінің сөзіне қарағанда, ер адам мас күйде болған.

Азода некеде болғанда да зорлық-зомбылық көргенін, тіпті жүкті кезінде де өзін ұрып-соққанын айтты. Енді ол әділдік орнатып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.

Түркістан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын алға тартты.

Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шаралар жүргізілуде, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатынын атап өтті. Қазіргі уақытта өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды (ҚР ҚПК-нің 201-бабы).