Отбасын қолдау орталығы - психологиялық қолдау көрсетуде

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласыда отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында атқарылып жатқан бастамалар – тек әлеуметтік көмек емес, тұтас қоғамның рухани әрі моральдық іргетасын нығайтатын стратегиялық бағыт деп бағалауға болады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Түркістан қаласындағы Отбасын қолдау орталығы қазіргі қоғам үшін аса маңызды рөл атқарып отыр. Бұл орталық тек әлеуметтік және құқықтық көмек беріп қана қоймай, ең бастысы – отбасыларға психологиялық қолдау көрсетуде. Себебі кез келген әлеуметтік немесе экономикалық қиындықтың астарында адамның эмоциялық күйзелісі, сенімсіздігі, күйге бейім жағдайы жатады. Демографиялық өсімі жоғары және жас отбасылар көп шоғырланған өңірде мұндай орталықтың болуы – уақыт талабы. Жас отбасыларға тән қиындықтардың бірі – жаңа ортаға бейімделу, тұрмыстық жауапкершілікті бөлісе алмау, қаржылық тұрақсыздық, бала тәрбиесіндегі көзқарас қайшылығы. Осындай сәтте кәсіби психологтың көмегі отбасындағы жанжалдардың алдын алып, сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекет пен өңірлік басқарманың «Отбасы институтын» нығайтудағы жүйелі бағыты – тек материалдық қолдауға емес, адамдардың ішкі тұрақтылығын қалыптастыруға да бағытталғанын атап өткім келеді. Жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікке тарту, кәсіби дағдыларды үйрету сияқты шаралармен қатар психологиялық қолдаудың берілуі – отбасының ұзақ мерзімді дамуы үшін өте маңызды»,- дейді орталық маманы Гүлмира Маралбекқызы.

Психолог маманның сөзінше мұндай кешенді шаралар қолдау отбасыларға қиын жағдайдан шығуға ғана емес, балалардың қауіпсіз әрі сенімді ортада өсуіне жағдай жасайды. Өйткені, психологиялық тұрақтылық пен ата-ананың бірлігі – баланың оқу үлгеріміне, мінез-құлқына және болашақ тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді.