Әрбір адамның жан дүниесінің тыныштығы – отбасының тұрақтылығы мен берекесінің кепілі - Психолог

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» көрсетілетін психологиялық қызметтер – жанұялық тұрақтылықтың берік болуына көмектеседі. Бұл қызметтердің басты мақсаты – отбасылық қатынастарды нығайту, тұрмыстық дағдарыстардың алдын алу және отбасылардың психо-эмоционалдық әл-ауқатын арттыру. Бұл туралы психолог маман Ирина Иманбек айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Маманның сөзінше орталықта психологиялық жеке консультациялар өткізіліп, келушілердің күйзеліс, қорқыныш, эмоционалдық шаршау, сенім дағдарысы сияқты мәселелерді шешеді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер мен жанжалдарды шешуге бағытталған кеңестер беріп, ата-аналарға арналған балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату және тәрбиелеу тәсілдерін меңгеруге көмек беретін тренингтер өтеді.

«Әрбір адамның жан дүниесінің тыныштығы – отбасының тұрақтылығы мен берекесінің кепілі. Өмірлік қиындықтар, күйзеліс пен стреске тап болған кез келген жанға кәсіби психологтың көмегі қажет. Психологиялық кеңес адамның бойындағы сенімсіздікті жойып, болашағына деген үмітін оятады. “Отбасын қолдау” орталығы психолог мамандары арқылы тұрғындарға ішкі жан күйзелісін жеңілдетіп, эмоциялық тұрақтылыққа қол жеткізуге қолдау көрсетеді. Бұл тек жеке адамның ғана емес, бүкіл отбасының тыныштығына ықпал етеді. Отбасылық құндылық тұрғысынан алсақ, ата-ананың сабырлы да сенімді болуы – бала тәрбиесіне де оң әсер етеді. Демек, психологиялық қолдау – отбасындағы татулық пен берекенің басты алғышарты»,- деді маман.

Айта кетейік, орталық қиындық көріп отырған отбасыларға азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек, отын сынды әлеуметтік көмек ұйымдастырып, демеушілермен байланысады. Одан бөлек, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады.