Биыл Түркістандағы «Отбасын қолдау орталығына» 500-ден астам отбасы жүгінген

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» бүгінгі күнге дейін орталыққа 500-ден астам отбасы түрлі себептермен өтініш білдірген. Оның ішінде, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мен денсаулық мәселесі, құқықтық және психологиялық кеңес, демеушілік көмекке өтініш, сондай-ақ түрлі оқыту курстарына қатысуға өтінім бергендер бар. Бұл туралы психолог маман Нұрболған Әбу айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» азаматтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Аталған орталықта кәсіби психолог мамандар тарапынан тегін психологиялық қызметтер ұсынылады. Бұл қызметтердің басты мақсаты – отбасылық қатынастарды нығайту, тұрмыстық дағдарыстардың алдын алу және отбасылардың психо-эмоционалдық әл-ауқатын арттыру. Сондай-ақ, отбасыларға арналған түрлі психосессия мен психотренингтер өткізіліп тұрады. Бүгінде орталықта психологиялық жеке консультациялар өткізіліп, келушілердің күйзеліс, қорқыныш, эмоционалдық шаршау, сенім дағдарысы сияқты мәселелерді шешеді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер мен жанжалдарды шешуге бағытталған кеңестер беріп, ата-аналарға арналған балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату және тәрбиелеу тәсілдерін меңгеруге көмек беретін тренингтер өтеді. Одан бөлек,  жасөспірімдер мен балаларға оқудағы қиындықтар, өз-өзіне сенімсіздік, құрдастарымен қарым-қатынас секілді мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі», - деді маман.

Айта кетейік, орталық тек мемлекеттік қолдаумен ғана шектелмей, жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілерді тарта отырып, нақты көмек көрсетудің тиімді жолдарын іске асырып келеді. Қажеттіліктерді өтеу үшін орталық арнайы демеушілік жобаларды іске қосып, жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.