Түркістандағы демографиялық саясаттың басты күші – жас отбасылар

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында демографиялық өсімнің жоғары болуы – өңірдің басты ерекшеліктерінің бірі. Жас отбасылардың саны артып, бала туу көрсеткіші де республика бойынша алдыңғы қатарда. Бұл жағдай – елдің демографиялық саясатын жүзеге асырудағы маңызды көрсеткіш әрі болашақтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Нұрболған Әбудың сөзінше халық санының көбеюімен бірге жаңа сын-қатерлер де туындайды. Жас отбасыларға қолдау көрсету, оларды тұрақты жұмыспен қамту, сапалы білім беру және қолжетімді медициналық қызмет ұсыну – демографиялық саясаттың негізгі бағыты болып табылады. Бұл мәселелер шешілмейінше, өсіп келе жатқан халықтың әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес.

«Психолог тұрғысынан қарасақ, демографиялық саясаттың табысты болуы ең алдымен отбасының ішкі ахуалына байланысты. Отбасы мүшелерінің эмоционалдық тұрақтылығы, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен түсіністік, ата-ананың балаға беретін тәрбиесі – қоғамдағы демографиялық өзгерістердің сапасын анықтайды. Егер жас отбасы психологиялық тұрғыдан қолдауға ие болса, олар бала тәрбиесіне де жауапкершілікпен қарайды және отбасындағы тұрақтылықты сақтай алады. Түркістан қаласында бұл бағытта “Отбасын қолдау” орталығының рөлі ерекше. Мұнда тұрғындарға психологиялық кеңес, әлеуметтік көмек, құқықтық қолдау көрсетіліп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осындай жүйелі қолдау – тек бір отбасының емес, тұтас өңірдің демографиялық ахуалына оң әсерін тигізеді. Түркістандағы демографиялық саясаттың басты күші – жас отбасылар. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен психологиялық қолдау көрсету арқылы ғана саннан сапаға көшуге болады»,- деді маман.