Ана мен баланы қорғау – отбасы құндылықтарының ең негізгі бағыты - Психолог

Qaz365.kz редакциясы

Ана – шаңырақтың тірегі, бала – оның болашағы. Сондықтан аналарға қолдау көрсету мен балалардың құқығын қорғау – тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды. Бұл туралы Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Ирина Иманбек айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Ана мен баланы қорғау – отбасы құндылықтарының ең негізгі бағыты. Осы орайда Түркістан қаласында жұмыс істеп тұрған «Отбасын қолдау» орталығының рөлі ерекше. Қала халқының басым бөлігі – жас отбасылар болғандықтан, мұндай орталықтың қажеттілігі күннен-күнге артып келеді. Мұнда аналарға кәсіби психологтар кеңес беріп, эмоционалдық тепе-теңдігін сақтауға, өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Әсіресе жас босанған аналарға немесе көпбалалы аналарға көрсетілетін психологиялық қолдау – отбасының тыныштығы мен берекесінің кепілі. Әлеуметтік қолдау бағытында орталық мамандары Түркістан тұрғындарын мемлекеттік жәрдемақылар мен жеңілдіктер туралы ақпараттандырып, тұрмыстық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналасуға бағыттайды. Бұл аналардың өздерін қоғамда сенімді әрі бағалы сезінуіне ықпал етеді. Отбасылық құндылық тұрғысынан қарасақ, ананы қолдау – бүкіл шаңыраққа жасалған қамқорлық. Баланы қорғау – болашақ ұрпақтың амандығын сақтау. Сондықтан Түркістан қаласындағы “Отбасын қолдау” орталығының қоғамдағы әр отбасының ынтымағын нығайтып, ана мен балаға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған», деді маман.

Сонымен қатар, орталықта құқықтық кеңестер де беріледі. Балалардың құқығын қорғау, құжат рәсімдеу, отбасылық дауларды шешу секілді мәселелерде кәсіби көмек ұсынылады. Мұндай қызметтер Түркістан қаласында отбасылардың тыныштығын сақтап, жас ұрпақтың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне мүмкіндік береді.