Әйелдің негізгі миссиясы – отбасының тыныштығы мен бала тәрбиесі - Психолог

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі таңда қоғамдағы әйелдердің рөлі күн санап артып келеді. Олар білім саласында да, медицинада да, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте де табысты еңбек етіп жүр. Әйелдің негізгі миссиясы – отбасының тыныштығы мен бала тәрбиесі екенін естен шығармауымыз керек. Бұл туралы Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Гүлмира Маралбекқызы айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Әйел – қоғамның рухани тірегі әрі отбасының берекесі. Қай заманда болмасын әйелдің рөлі ерекше бағаланған. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» – қоғам үшін маңызды бастама болып отыр. Бұл орталық әйелдерге жан-жақты көмек көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Оның ішінде, психологиялық қолдау – әйелдің ішкі күйзелісін еңсеруге, отбасындағы рөлін нығайтуға, өзін тұлға ретінде бағалай білуге көмектеседі. Әлеуметтік кеңес – әйелдердің жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, тұрмыстық қиындықтарды шешуіне қолдау көрсетеді. Құқықтық кеңес – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқығын қорғау және отбасы заңнамалары бойынша бағыт береді. Отбасылық кеңес – ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністі арттырып, балаларға дұрыс тәрбие беруге ықпал етеді. Психолог маман ретінде айтарым, әйелдерге жасалған қолдау – тікелей отбасының берекесіне әсер етеді. Шаршамаған, қолдауға ие болған, өзін қоғамда қажет сезінген әйел – жақсы ана, сенімді жар, мейірімді тұлға бола алады. Ал мұндай аналардың тәрбиесін көрген бала – елдің ертеңгісіне айналады»,- деді маман.

Сондықтан Түркістан қаласындағы “Отбасын қолдау орталығының” жұмысы – тек әйелдер үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін аса құнды. Өйткені әйелге көрсетілген қамқорлық – тұтас бір отбасының тыныштығын сақтап, қоғамдағы тұрақтылыққа үлес қосады.