Түркістан қаласындағы отбасы құндылықтарын сақтау – тек бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін қажет. Бақытты отбасы – берекелі қала, ал берекелі қала – мықты мемлекет деген сөз, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отбасы құндылықтары – қоғамның рухани тұғыры, ұлттың мәдениеті мен болашағының іргетасы. Әсіресе Түркістан қаласы сияқты тарихи-рухани орталықта бұл тақырыптың мәні ерекше. Себебі Түркістан – сан ғасырлық дәстүрді, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, халықтың рухани астанасы саналады. Мұндағы отбасыларда ұрпаққа өнеге болатын салт-дәстүрлер мен тәлім-тәрбиелік қағидалар әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Психологиялық тұрғыдан алғанда, отбасындағы құндылықтар балаға қауіпсіздік, сүйіспеншілік және сенім сезімін сыйлайды. Түркістан қаласында жас отбасылардың саны көп болғандықтан, олардың балаларының тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу қажет. Әке-шешесінің арасындағы сыйластық пен мейірім – баланың мектептегі тәртібіне, достарымен қарым-қатынасына, болашақта өмірге деген көзқарасына тікелей ықпал етеді»,- деді Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» зияткерлік мектебінің психологы Маржан Анарбай.
Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» қызметі де осы бағытта маңызды қызметтерді атқаруда. Орталық мамандары ата-аналарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес беріп, отбасы құндылықтарын сақтауға, жанжалдарды шешуге және балалардың дұрыс тәрбиесіне жағдай жасауға үлес қосып отыр. Бұл – Түркістандағы жас буынның ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп, білімді әрі рухани бай болып өсуіне мүмкіндік береді.