Алматы облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы аяқталуда

Qaz365.kz редакциясы
Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысында 2025 жылы тұрғын үй құрылысы мен сатып алуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бюджет қаражаты есебінен жалпы аумағы 118,0 мың шаршы метрді құрайтын 1522 пәтерлік 28 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бірқатар үйлер қазірдің өзінде тапсырылды, ал проблемалық нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Талғар мен Жамбыл ауданында кейбір пәтерлерге тұрғындар қоныстанып үлгерді, бірнеше нысан аяқталу сатысында. Облыс әкімдігінің мәліметінше, барлық мәселелер бақылауда, мерзімді бұзған мердігерлерге қатысты заң аясында жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар дайын тұрғын үйді сатып алу да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрғандар үшін 1700 пәтер сатып алуға 27,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 200-ден астам отбасы жаңа пәтердің кілтін алып үлгерді, қалғандары кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев аймақта азаматтар алдындағы міндеттемелерді толық орындау көзделгенін атап өтті:

«Кезекте тұрған әрбір отбасы өз баспанасын уақытында алуы маңызды. Проблемалық нысандар бойынша бақылауды күшейттік, адал емес мердігерлерге шара қолданылып жатыр. Сонымен қатар дайын тұрғын үйді сатып алу жұмыстары жүргізілуде, халықты күтуге қалдырмау үшін», — деді ол.

Жыл соңына дейін Қонаев, Талғар және Есік қалаларында ірі нысандардың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыстың дайындық деңгейі 90%-дан асқан, үйлерді белгіленген мерзімде пайдалануға беру көзделіп отыр.