Трендтер мен мүмкіндіктер: Атырауда XII азаматтық форум өтті

Qaz365.kz редакциясы

Екі күндік форум «Азаматтық секторды цифрландыру: Үкіметтік емес ұйым үшін трендтер мен мүмкіндіктер» тақырыбына арналды

Екі күнге созылған іс-шараға 150-ден астам азаматтық қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Форумның мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту, әріптестік пен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану.

Алғашқы күні қатысушылар цифрлық платформалар, фандрайзинг, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттарында семинар-тренингтерге қатысты. Сонымен қатар әлеуметтік жоба жазу бағытында фасилитаторлық сессия өтіп, қатысушылар өз жобаларын әзірлеп, ұсынды. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау және экология салалары бойынша 4 үздік бастама іріктеліп, әрқайсысы 250 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.

Екінші күні форум үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының көрмесімен басталды. Пленарлық отырыста азаматтық қоғамды қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және ҮЕҰ рөлі талқыланды.

Форум жұмысына облыс әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Республикалық Азаматтық Альянстың басшысы Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Лаззат Шыңғысбаева қатысты. Сонымен қатар республикалық және жергілікті ҮЕҰ өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара аясында аймақ басшысы екі облыстық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады. «Qolday» конкурсында үздік деп танылған 6 ҮЕҰ 2 млн теңге грант иеленсе, волонтерлерге арналған «DEMEÝ» байқауы аясында 6 жобаға 1 млн теңгеден сыйақы берілді. Сондай-ақ 8 белсенді ҮЕҰ-ға ҚР Азаматтық Альянсының Алғыс хаттары табысталды.

Форум соңында облыс әкімі азаматтық қоғам өкілдеріне өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, серіктестікті нығайта түсуге шақырды.