Ол өзін асаба деп жазған.
Түркістан облысында әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамның парақшасына 4,5 мыңға жуық пікір қалдырылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Естеріңізде болса, желіде тараған видеода оның әкесін аямай соққыға жығып жатқанын көруге болады. Ал полиция қарт кісінің қайтыс болғанын растады.
Күдікті – Алмас Садақбаев. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өзін асаба әрі музыкант ретінде таныстырған. Оқиға жария болғаннан кейін жұрт оның парақшасын тауып алып, суреттерінің астына түрлі пікір қалдырған.
Желі қолданушылары ашу-ызаға булығып:
«Әйелің екеуің бір-біріңе сай екенсіңдер. Өмір - бумеранг», «Зұлымдардың не істеп жүргенін Алладан ешкім жасыра алмайды. Ол бәрін көреді, тек белгілі күнге дейін уақыт береді», «Бейнені көріп, жүрек тоқтап қала жаздады. Бұл не деген қорлық?», «Ауылыңның атына дақ келтірдің», – деп жазды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, Садақбаев қазір ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.