Алматы қаласы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов электросамокаттар мен мопедтерге қатысты мәселе көтерді. Ол қалада бұл көліктерді пайдалануға байланысты тәртіп орнату қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде электросамокат, мопед және электробайк жүргізу нақты ережелермен реттелмейді. Қалада олардың жылдамдығына шектеу қойылмаған, тұрақтары ретсіз орналасқан, ал көпшілік пайдаланушылар жол ережесін білмейді.
– Самокаттар тротуарға да, жол бойына да тасталады. Бұл жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып қана қоймай, қауіп-қатер төндіреді. Өзім қаланы серуендегенді ұнатамын, бірақ арттан самокат зу етіп өткенде, қарапайым серуен қауіпті сынаққа айналады, – деді Құсайынов.
Мәслихаттағы талқылауда ол Алматыда электросамокаттарды уақытша шектеуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, бұл шара төмендегі мәселелер шешілмейінше қажет:
реттелген тұрақ орындары пайда болмайынша;
қауіпсіз веложолақтар салынбайынша;
аренда мен жүргізуге қатысты нақты ережелер бекітілмейінше.
– Тек осылай ғана қаланы баршаға ыңғайлы әрі қауіпсіз ете аламыз, – деп түйіндеді ол.
Instagram парақшасында жариялаған бейнежазбасында депутат самокат жүргізушілерін уақытша шектеуді ұсынды.
– Жылдамдықты шектеңіздер, тұрақтарды орнатыңыздар. Қазір самокатшылар тротуарда жүйткиді. Бұл мәселені бүгін, дәл қазір шешуіміз керек. Порядок орнамайынша, қосымша веложолақтар салынбайынша, аренда мен жүргізуге қатысты талаптар бекітілмейінше – уақытша тыйым салу қажет, – деді Құсайынов.
Сонымен қатар ол барлық көшеге веложолақ салу физикалық тұрғыда мүмкін емес екенін де атап өтті.