Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасын таныстырды. Отырыста Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы азаматтардың деректері мүлдем қорғалмағанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл алаяқтықтан қорғау, деректерді қорғау және құпия деп аталады. Осы заң жобасын қалай жетілдірмексіздер, сол туралы толық айтсаңыздар. Азаматтардың деректері мүлдем қорғалмаған, Face ID жүйесінсіз-ақ халықты тонау жалғасып жатыр. Бір ғана дерек айтайын, 2024 жылы қазақстандықтар 22900 рет интернет алаяқтарға алданған. 45,5 млрд теңге шығын келген. 22900 рет арыз жазылса 81,8 пайызында қылмыс жасаған азаматтың анықталмауына байланысты істің бәрі тоқтап қалған және жеке азаматтар алданып жатса бір бөлек. Мемлекеттік органның өзін 8,4 млн теңгеге алдап кетіпті. Бұл парадокс. Деректерді қалай сақтайсыздар, алаяқтықтан қалай қорғайсыздар? Менің қолымда бір арыз бар, көпбалалы анаға телефон соғып, екінші деңгейлі банктердің бірі арқылы 18 600 000 теңге рәсімдеп алған, - дейді депутат.