Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындысы бойынша пікір білдірген католик архиепископ-митрополиті Томаш Бернард Пэта форумның ең негізгі мақсатын «бейбітшілік» деп атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биылғы форум тарихтағы ең ауқымдысы болмақ. Астанаға әлемнің 60 елінен 700-ден астам делегат жиналып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен рухани лидерлер қатысуда.
Қазақстан Президенті өз сөзінде бейбітшілік, діндер арасындағы диалог және гуманистік құндылықтар қазіргі қоғамдағы ең маңызды бағыттар екенін атап өтті. Ол рухани лидерлердің қақтығыстардың алдын алуда, моральдық қағидаларды насихаттауда және цифрлық технологиялар дәуірінде этикалық нормаларды қалыптастыруда атқаратын рөлін ерекше атады.
Съезд қорытындылары бойынша өз ойымен Астана қаласындағы Қасиетті Мария Девасы Архиепархиясының католик архиепископ-митрополиті Томаш Бернард Пэта бөлісті. Ол форумның басты мақсатын бір ғана сөзбен – бейбітшілік деп сипаттады:
«Кейде журналистер осы съездің нәтижелері қандай болады деп сұрап жатады. Мен оны бір ғана сөзбен сипаттай аламын – бейбітшілік. Бұл съезд тек формальды жиналыс емес, ол бүкіл әлемге үндеу жолдайтын алаң. Осы съез үшін дайындалған құжат Астанадан бүкіл әлемге бейбітшілік туралы хабарлама береді, адамдарды келісімге, өзара түсіністікке шақырады. Менің ойымша, бұл бастысы және әлем үшін аса маңызды. Біз дұға етеміз, осы тақырыпта сөйлесеміз, ой бөлісеміз. Астанадан шыққан бұл үндеу – бейбітшіліктің бастауы, әлемдік диалогқа шақыратын символ», – дейді Томаш Бернард Пэта.
Архиепископ Пэта бүгінгі рухани лидерлердің назар аударуы қажет екі маңызды аспектіні атап өтті.
Біріншіден, бейбітшілік пен діндер арасындағы диалог – келісімге үнемі шақыру, әсіресе күрделі геосаяси жағдайда өте маңызды:
«Дін өкілдері дұға етеді, ізгілікке шақырады. Саясаткерлер басқарады. Діннің рөлі – дұға ету және барлық адам Құдайдың алдында екенін еске салу», – деді Пэта.
Екіншіден, Съезд декларациясының мәні қарапайым, бірақ өте маңызды. Архиепископ атап өткендей, ол бұл құжаттың бүкіл әлемде гуманистік күн тәртібін бағыттайтын нұсқаушы болатынын айтты.
Архиепископ Пэта атап өткендей, рухани лидерлер бейбітшілік пен гуманистік құндылықтар идеясы арқылы әртүрлі мәдениет пен дін өкілдерін біріктіру қабілетіне ие. Астанадан шыққан дұғалар мен үндеулер тек ел ішінде емес, бүкіл әлемге жетіп, бірлік пен үміттің символына айналады. Ол бұл форум рухани диалогты нығайтып, мәдениеттер мен дәстүрлер арасындағы өзара түсіністікті арттыруға, сондай-ақ заманауи әлемдегі қақтығыстар мен қиындықтарды бейбіт жолмен шешуге септігін тигізетінін ерекше атап өтті.