Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
Алматыда жылыту маусымының басталу шарттары белгілі болды. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жылыту маусымы орташа тәуліктік ауа температурасы +8°С және одан төмен көрсеткіште қатарынан бес күн сақталған жағдайда басталады.
Жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен әлеуметтік нысандарға - балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға, кәсіби оқу орындары мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жылу беріледі.
Келесі кезеңде тұрғын үйлерге, жатақханалар мен қонақүйлерге жылу қосылады. Бұдан соң әкімшілік ғимараттар, жоғары оқу орындары мен театрлар қосылады. Соңғы кезеңде қалған өзге нысандар жылумен қамтылады.
Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, тұтынушыларға тұрақты әрі үздіксіз жылу берілетініне назар аударды.