Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» отбасы институтының маңызын айқындап, ұлттық дәстүр мен құндылықтарды дәріптейтін шара өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиында «Алтын шаңырақ және Күміс кереге» атты тағылымды тақырып қозғалды. Бұл шара отбасы институтының маңызын айқындап, ұлттық дәстүр мен құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жас ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетуге бағытталған. Жиын барысында отбасының қоғамдағы орны, береке мен ынтымақтың, сыйластық пен сүйіспеншіліктің мәні кеңінен сөз болды.
Кездесуге отасқандарына ұзақ жылдар болған, тағдырдың талай сынағынан бірге өткен екі отбасы арнайы шақырылды. Олар отбасылық өмір жолындағы қиындықтарды бірлесе жеңіп, бір-біріне деген сенім мен құрметті жоғалтпай, шынайы махаббаттың, ауызбіршілік пен татулықтың үлгісі бола білген. Қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен, жан толқытар естеліктерімен бөлісіп, жастарға өнегелі ақыл-кеңестерін айтты. Бұл әңгімелер тыңдаушыларға терең ой салып, отбасылық құндылықтардың шынайы мәнін ұғынуға сеп болды.
Сонымен қатар, жиын барысында Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» директор орынбасары, тәжірибелі психолог Ирина Иманбек қатысып, арнайы психологиялық тренингтер өткізді. Ол қатысушылар арасында түрлі ойындар мен жаттығулар ұйымдастырып, олардың белсенділігін арттырып, кездесудің мазмұнын одан әрі байыта түсті. Бұл тренингтер қатысушыларға өзара қарым-қатынас, сенімділік, тыңдай білу, эмоциялық тұрақтылық секілді маңызды дағдыларды дамытуға бағытталды.
Шара барысында қатысушылар арасындағы пікір алмасу, сұрақ-жауап сәттері де ұйымдастырылып, әр адам өз ойымен, ұсынысымен бөлісуге мүмкіндік алды. Кездесудің соңында отбасы құндылықтарын насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хаттар табысталып, естелік суреттерге түсірілді. Мұндай тағылымды іс-шаралар отбасы мәртебесін көтеруге, жастарды отбасылық өмірге дайындауға, ұлттық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа аманат етуге үлкен септігін тигізетіні анық.