Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығына» ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар бастаған делегация келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесу барысында тараптар МИКС зерттеуінің деректері негізінде ерте жастағы балаларды дамыту, осал санаттағы отбасыларды қолдау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ позитивті ата-ана болуды дамыту мәселелерін талқылады. ЮНИСЕФ өкілдері Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау» орталығының жұмысымен танысып, ондағы мамандардың әлеуметтік әлжуаз отбасылармен жүргізіп жатқан іс-шараларына жоғары баға берді. Аталған орталық отбасылық тәрбие, балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық көмек көрсету және дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолдау бағытында кешенді қызметтер ұсынады. Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын арттыру, сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың болашағына бағытталған кешенді бағдарламалар бойынша өзара ынтымақтастық орнату мәселелері қарастырылды.
ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметімен, оның ішінде Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Түркістан облысындағы әрбір баланың құқықтары мен әлеуетін толық іске асыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға дайын екендігін растады. Бұл бастамалар балалардың игілігі үшін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған. Сапар қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға және балалардың әл-ауқатын арттыру жолында жүйелі жұмыстар жүргізуге уағдаласты.