Түркістан қаласында отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл саясаттың негізгі мақсаты - отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және қоғамда әлеуметтік әділеттілікті дамыту, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қала көлемінде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, гендерлік теңдікті қалыптастыруға және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды шаралар мен кездесулер өткізіліп келеді. Осы бағытта жауапты сала мамандары тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі форматтағы дөңгелек үстелдер мен қоғамдық кездесулер ұйымдастыруда. Отбасылық мәселелер – әрқашан да ерекше нәзік, әрі маңызды тақырып. Сондықтан бұл салада атқарылатын әрбір жұмыстың маңызы зор және жауапкершілік жоғары. Түркістан қаласында арнайы мобильдік топ құрылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Отбасын қолдау орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен түрлі бағытта іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бүгінде Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалаларда осындай 17 "Отбасын қолдау орталығы" жұмыс істейді. Олардың қызметі цифрлық жүйеге біртіндеп көшіріліп, процестерді автоматтандыру арқылы тиімділік арттырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы аясында әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндіктер ұсыну, гендерлік стереотиптермен күресу және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытында нақты шаралар қабылдануда. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған.
Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан отбасылық және гендерлік саясат – бұл тек әлеуметтік бағдарлама емес, ол – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Қабылданып жатқан шаралар қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, отбасылардың бірлігін сақтауға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.