Түркістан қаласында отбасын қолдау мен дамыту бағытында отбасының әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылу деңгейі, кредиттік міндеттемелері, жылжымалы мүлкі, әлеуметтік қорғалуы, денсаулығы, білім деңгейі және тұрғын үй жағдайлары ескеріледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» директор орынбасары Ирина Иманбектің сөзінше елімізде отбасы институтын қолдау мен дамыту бойынша бірқатар заңнамалық актілер мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Қазақстанда отбасын, ананы және баланы қорғау мәселесі мемлекеттің тікелей бақылауында. Отбасылық құндылықтарды нығайту, үлгілі отбасы моделін ілгерілету, бала туу көрсеткішін арттыру, сондай-ақ қоғамның барлық салаларында гендерлік теңдікті дамыту – қазіргі отбасылық саясаттың басты құрамдас бөліктері болып саналады. Түркістан қаласында да бұл саясатты тиімді іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қала әкімдігіне қарасты құрылымдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, сондай-ақ «Отбасын қолдау орталығы» КММ бірлесе отырып, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Бүгінде отбасылық саясат - Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Оның аясында отбасылардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету, психологиялық қолдау мен консультациялық қызметтер ұсынылады.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында пробация есебінде тұрған азаматтармен мақсатты жұмыстар атқарылуда. Пробация қызметі – сот үкімімен жаза өтеудің баламалы түріне жіберілген азаматтарға қолдау көрсетуді көздейтін құрылым. Бұл азаматтармен психологтар тығыз жұмыс істейді. Олар тұлғаның психологиялық жай-күйін, мінез-құлық ерекшеліктерін, әлеуметтік бейімделуін және өмірлік дағдыларын анықтайды. Түркістан қалалық пробация қызметі мен психолог мамандардың бірлескен жұмысы нәтижесінде сотталған азаматтардың қайта әлеуметтенуіне, заңға бағынатын, жауапты тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етілуде. Бұл өз кезегінде қылмыс деңгейін төмендетуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.