Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке үздік атау беру бойынша конкурс жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Атауға қатысты өз нұсқаларын азаматтар eGov Mobile қосымшасы арқылы жолдай алады.

Pixabay.com

Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі елдегі алғашқы атом электр станциясына атау беру конкурсының басталу күнін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Конкурсты ұйымдастыратын комиссияның алғашқы отырысы өтті. Оның құрамына қоғам өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, тарих және тіл саласындағы сарапшылар кірді. Жиында негізгі ұйымдастыру мәселелері талқыланып, конкурс ережелері бекітілді.

Атауға қатысты өз нұсқаларын азаматтар eGov Mobile қосымшасы арқылы жолдай алады. Конкурс ресми түрде 25 қыркүйекте басталады және оған кез келген адам қатыса алады.

Бекітілген кестеге сәйкес:

25 қыркүйекте конкурс басталғаны ресми түрде жарияланады;

25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында ұсыныстар қабылданады;

11-24 қазан аралығында комиссия түскен ұсыныстарды сараптайды;

қазан айының соңына дейін жеңімпаз атау белгілі болады.

Конкурс ережелері Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланады.

Ведомство өкілдері атап өткендей, конкурс барынша ашық әрі әділ өтеді. Ал комиссияның түпкілікті шешімі қазан айының соңында жария етіледі.