Түркістанда отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайтуға бағытталған бағдарламалар іске асуда

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасыларды қолдауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған түрлі мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар жүзеге асырылып келеді, , деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» мектебінің тәжірибелі психологы Анарбай Маржанның айтуынша, қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі алаңдатарлық деңгейде. Бұл жағдайдың басты себебі – ата-аналардың балаларына жеткілікті уақыт бөлмеуі.

«Егер бала ата-анасының бір-біріне деген сыйластығы мен қамқорлығын көріп өссе, ол болашақта дәл осы үлгіні бойына сіңіріп, өміріне қолданады. Сондықтан отбасында тек материалдық жағдайды жақсарту ғана емес, рухани байланыстарды нығайту аса маңызды», – дейді маман.

Психологтың пікірінше, отбасындағы ахуал – ұлттың береке-бірлігінің іргетасы. Жас ұрпақтың саналы, жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш азамат болып өсуі тікелей отбасылық ортаға байланысты. Ал бұл мақсатқа жету үшін ата-аналар балаларына уақыт бөліп, ашық сөйлесіп, ортақ дәстүрлерді қалыптастыруы қажет. Бұл – отбасы құндылықтарын нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар, психолог Анарбай Маржан отбасындағы түрлі қарым-қатынас үлгілеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, кейбір отбасыларда қарым-қатынас мүлде жоқ, отбасы мүшелері бір-бірін бетімен жібереді. Мұндай ортада баланың жеке тұлғасы толыққанды қалыптаса алмайды.

Ал беделге негізделген қатынас орнаған отбасыларда бір ата-ананың басымдық танытып, бұйрық беруі – баланың бойындағы сенімділік пен еркін ойлауға кері әсер етеді. Дегенмен, қазіргі заман талабына сай отбасылардың көпшілігі демократиялық қарым-қатынасқа ұмтылып келеді. Мұндай отбасыларда әр мүше тең құқылы, ашық пікір алмасуға мүмкіндік бар, бұл – салауатты ортаның қалыптасуына жол ашады.

«Отбасы – бұл тек шағын әлеуметтік ұяшық емес, ол бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуының іргетасы. Отбасындағы дұрыс қарым-қатынас, құрмет пен сенім – ел болашағының кепілі», – деп қорытындылады маман.