Түркістандық зейнеткер бейнетінің зейнетін есірткіден таппақ болған

Qaz365.kz редакциясы

Тәркіленген есірткі жалпы салмағы бір келіден асатын көкнәр болып шықты

egemen.kz

Түркістан облысында өзі тұтыну үшін есірткі сақтаған зейнеткер сотталды,  деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысында есірткі заттарын сақтауға қатысы бар зейнеткерге қатысты үкім шықты. Ер адам ҚР ҚК-нің 296-бабында көзделген (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

“Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстаған болатын. Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру шаралары барысында Келес ауданы ауылдарының бірінде Priora автокөлігін тоқтатты. Полиция қызметкерлері тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы бір келіден асатын көкнәр болып шықты.

Күдікті Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Егде жастағы ер адам бұл әрекетін мойындап, есірткіні өзі тұтыну үшін сақтағанын жеткізді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жинақталған іс құжаттары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Нәтижесінде сот үкімімен сотталушыға 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.