Түркістан қаласында отбасылық құндылықтар дәріптелген шара өтті

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар өткізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өткен шараның басты мақсаты – өңірдегі тату-тәтті, берекелі отбасылардың құндылығын дәріптеу, қоғамда әйел мен ананың рөлін айқындау, отбасы институтының маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру болды. Жиында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарының қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Отбасы – қоғамның ең басты іргетасы. Жеке адамның тұлғалық қалыптасуы, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың бойға сіңуі – ең алдымен отбасында басталады. Сондықтан да отбасындағы өзара сыйластық, жауапкершілік пен мейірім – қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағының кепілі. Ұрпақ тәрбиесі – мемлекеттің болашағы. Әрбір ата-ана өз баласының елінің нағыз патриоты болып өсуі үшін ең үздік құндылықтар мен моральдық принциптерді бойына сіңіруге тырысады. Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі отбасылық дәстүрлерді дәріптеп, жастарға үлгі боларлық әулеттерді насихаттап келеді. Бұл – қоғамдағы бірлік пен елдік рухты сақтаудың ең маңызды жолдарының бірі», – деді ол.

Мұндай шаралар қоғамдағы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, отбасылар арасындағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Отбасы – тек жақын адамдардың бірлігі ғана емес, сонымен қатар тәрбие мен мәдениеттің алтын бесігі. Осындай іс-шаралар арқылы ата-аналар мен балалар арасында сенім мен сыйластық орнап, ұлттық дәстүрлер мен рухани-адамгершілік мұралар келер ұрпаққа аманат етіледі.