Отбасылық байқаулар – рухани байланыс пен тәрбиенің қайнар көзі

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасы күніне орай отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпаққа үлгі болатын берекелі шаңырақтарды насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәселен, Түркістан қаласында «Отбасы – ұлттың тірегі», «Мерейлі отбасы», «Үлгілі отбасы» секілді ауқымды отбасылық-танымдық байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар – тек қана мерекелік көңіл-күй сыйлайтын мәдени іс-шара емес, сонымен қатар қоғамның рухани-адамгершілік және психологиялық саулығына оң ықпал ететін маңызды құрал. Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» психологиялық даму орталығының тәжірибелі психологы Анарбай Маржанның айтуынша, мұндай жобалар қазіргі заманда аса маңызды болып отыр, себебі олар отбасының ішкі тұтастығын нығайтып, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты тереңдете түседі.

«Осындай байқаулар отбасыларға тек шығармашылық қабілеттерін көрсетудің ғана емес, бір-бірін қайта танудың, қарым-қатынас орнатудың үлкен мүмкіндігін береді. Ата-ана мен бала бірігіп дайындалған кезде өзара түсіністік пен қолдау артады. Бірге өткізген уақыт олардың эмоционалдық байланысын күшейтеді. Бұл – қазіргі заманғы күйбең тіршілікте жиі назардан тыс қалатын құндылықтарды қайта жаңғыртуға тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар, балалар үшін мұндай тәжірибе болашақта өз отбасына деген көзқарасты қалыптастыратын тәрбиелік орта болып саналады», – дейді маман.

Сарапшының айтуынша, отбасылардың сахнада бірге өнер көрсетуі – олардың өз-өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, қоғам алдында еркін ой айту, креативтілік, жауапкершілік пен өзара қолдауды дамытады. Бұл қасиеттер кейінгі ұрпақтың бойында өмірлік маңызы бар дағдылардың қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар арқылы көпшілікке үлгі боларлық отбасылардың бейнесі жасалып, қоғамда мықты әрі тәрбиелі отбасы моделінің қалыптасуына жол ашылады. Бұл – ұлттық тәрбие мен құндылықтардың жаңғыруына, бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.