Түркістан қаласында отбасы құндылықтары мен әйелдердің қоғамдағы орны өзекті - Психолог

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасы институтын сақтау, ұлттық дәстүрді дәріптеу және әйелдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта қалада түрлі семинарлар, кездесулер мен тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған ұлттық тәрбие негіздерін нығайтуға және қоғамдағы әйелдің рөлін арттыруға ерекше үлес қосуда. Бұл мәселеге қатысты Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» психологиялық даму орталығының тәжірибелі психологы Ақниет Әбдіхалық өз пікірін білдірді.

«Қазіргі таңда қоғамда отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайту, ата-ана мен бала арасындағы сенімділік пен эмоционалдық байланысты арттыру өте өзекті. Түркістанда өтіп жатқан түрлі семинарлар мен отбасылық шаралар – бұл бағыттағы өте маңызды бастамалар. Бұл тек ақпарат беріп қана қоймайды, сонымен қатар отбасылардың өз ішкі мәселелерін ашық айтуына, бір-бірін тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. Әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы мәртебесін көтеру – ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін басты факторлардың бірі», – дейді психолог.

Маманның айтуынша, мұндай іс-шаралар ата-аналарға тек баланы тәрбиелеу емес, өзара қарым-қатынасты сауатты басқару, жанұялық үйлесімді сақтау жолдарын үйретіп, психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, жас аналарға арналған мотивациялық кездесулер мен тренингтер – әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, отбасындағы өз рөлін дұрыс түсінуге сеп болады. Түркістан қаласы отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту жолында жүйелі жұмыс жүргізіп отырған өңірлердің біріне айналып келеді. Бұл бағытта ұйымдастырылып жатқан әрбір бастама – қоғамның рухани тұтастығына, ұлттық тәрбиенің беріктігіне және келешек ұрпақтың саналы, салиқалы болуына негіз қалайды.