Отбасы мүшелерінің психологиялық саулығын қолдау маңызды

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан қаласында отбасы күніне орай өткізілген Ашық есік күні аясында психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен кеңес беруші мамандардың тегін әрі қолжетімді қызмет көрсетуі - көптеген отбасы үшін аса қажетті мүмкіндік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Отбасы қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада қатысушылар «Отбасы құндылықтар ағашына» жүрекжарды тілектерін жазып, өзінің отбасы мүшелеріне деген ықыласы мен сүйіспеншілігін білдіреді. Бұл қарапайым ғана әрекет секілді көрінгенімен, оның символикалық әрі терапиялық мәні зор. Жиын барысында азаматтарға отбасылық қарым-қатынас, балалар тәрбиесі, дағдарыс жағдайынан шығу жолдары бойынша білікті психолог мамандар тарапынан кеңес берілді. Сонымен қатар, заңгерлер мен құқықтық кеңесшілер тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық сауалдарына жауап беріп, құқықтық көмек көрсету механизмдерін түсіндірді. Кездесу отбасылардың ішкі тұрақтылығын нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

«Отбасын қолдау орталығы» мамандарының айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі, көптеген отбасы күнделікті тұрмыстық қиындықтар, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, отбасылық кикілжіңдерге байланысты кәсіби көмекке мұқтаж. Орталық алдағы уақытта да кеңес беру шараларын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, арнайы әлеуметтік көмек пен демеушілер арқылы қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. Айта кетейік, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында отбасын қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Жыл басынан бері орталықтардың көмегіне облыс бойынша 700-ден астам адам жүгінген. Оларға психологиялық, құқықтық, заңгерлік кеңестер беріліп, жұмысқа орналасуға және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетіледі.