Бүгінгі таңда отбасы институтын сақтау, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау және қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» осы бағытта белсенді әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Орталықтың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету, отбасылардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, қоғамда отбасы рөлін нығайту және отбасылық қарым-қатынасты реттеу арқылы әлеуметтік үйлесімділікке қол жеткізу.
Орталық директоры Мария Сартайқызының айтуынша, бүгінде «Отбасын қолдау орталығы» өз қызметін ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды тиімді іске асыру мақсатында «FSM Social» ақпараттық жүйесін пайдаланады. Бұл заманауи цифрлық шешім процеске қатысушы барлық құрылымдардың өзара байланысын күшейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, түрлі өзгерістер мен шұғыл жағдайларға жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіреді.
«Біздің орталықтың жұмысы – тек бір реттік көмек көрсету емес, бұл – әр отбасының өмір сүру сапасын арттыруға, олардың қоғамға толық бейімделуіне жағдай жасау. Біз FSM Social жүйесі арқылы қызметіміздің тиімділігін арттырып, отбасылық мәселелерді кешенді шешуге күш салып келеміз. Жан-жақты қолдау, кәсіби кеңес, психологиялық тұрақтылық – міне, осы үш бағыт біздің басты назарымызда. Қоғамдағы әрбір отбасының әл-ауқаты – елдің болашағы. Сондықтан біз бұл саланы стратегиялық бағыт деп есептейміз»,- деді орталық директоры.
«Отбасын қолдау орталығының» жұмысы – әлеуметтік саланың маңызды тетігі. Мұнда көрсетілетін қызмет түрлері отбасының ішкі байланысын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Психологиялық тұрақтылық, құқықтық сауаттылық және әлеуметтік қолдаудың бір арнада үйлесуі – отбасылық тұрақтылықтың кепілі. Мұндай орталықтардың қоғамда болуы – отбасы институтын сақтап қалу, болашақ ұрпақтың саналы әрі жауапкершілікті азамат болып қалыптасуы үшін берік негіз болып табылады. Әр отбасы – ел іргесінің кірпіші. Сондықтан оны қолдау – мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды.