Түркістан қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар - отбасындағы жағымсыз құбылыстың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отбасын қолдау орталығының» психологы Нұрболған Әбудың сөзінше тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл тек қана физикалық жарақаттар немесе соққылар ғана емес, адамның психикасына, өзін-өзі бағалауына және жалпы өмір сүру сапасына аса ауыр әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Көптеген жағдайда эмоционалдық және психологиялық зорлық-зомбылық ашық байқалмай, «үнсіз» түрде отбасыларда орын алады. Бұл әсіресе әйелдер мен балалар арасында кездеседі, олар өз қиындықтарын бөлісуге немесе көмек сұрауға жиі қорқады немесе ұялады. Осы ретте, Түркістан қаласындағы мектептер мен жоғары оқу орындарында өткізілетін ақпараттық кездесулер, семинарлар мен тренингтер жастарға зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бар екенін түсіндіруге, оның зардаптарын көрсетіп, оған қарсы тұру жолдарын үйретуге бағытталған. Бұл жұмыстар жастардың санасын тәрбиелеуде, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.
«Отбасын қолдау орталығының психологы ретінде айтарым, мұндай кездесулер мен профилактикалық іс-шаралар - қоғамдағы психологиялық ахуалды жақсарту үшін таптырмас мүмкіндік. Жастарға сенім телефондары мен қолдау ресурстары туралы ақпарат беру, көмекке жүгінудің маңыздылығын түсіндіру арқылы біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Психологиялық қолдау көрсету - зорлықтың алдын алудағы шешуші факторлардың бірі. Себебі, отбасында қиын жағдайлар орын алғанда, әрбір адамға кәсіби көмек пен қолдау қажет. Психологтардың көмегімен жанжалдардың алдын алу, эмоцияларды басқару және отбасылық қарым-қатынасты нығайту мүмкіндігі артады. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар отбасы мүшелері арасындағы сенімділік пен өзара түсіністікті арттырады, бұл отбасылық тұрақтылық пен қоғамдағы бейбітшілік үшін аса маңызды», - деді маман.