Жасампаз жастардың патриоттығы неде

Qaz365.kz редакциясы

Зерттеу нәтижесі жастардың ел дамуына қосар үлесін айқындады

Qaz365.kz

Қазақстандық қоғамдық даму институты «Азаматтық қоғамды дамытудағы жастардың рөлі қандай?» деген сауалнама жүргізген. Бұл туралы осы институттың Facebook парақшасында 16 қыркүйек күні жазылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ондағы мәліметке сәйкес, респонденттердің 59,8%-ы «Жастар – өзгерістердің негізгі қозғаушы күші» деген ой айтқан. Қазақ жастары Үкіметтік емес ұйымдардың түрлі шараларына, волонтерлік жобаларға, экологиялық және әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысып, өз ұстанымдарын әлеуметтік желі, онлайн петиция мен қоғамдық қозғалыстар арқылы білдіреді. 18-28 жас аралығындағы жастар өздерінің азаматтық қоғамдағы рөлін 63,7% деп жоғары бағаласа, 61 жастан жоғары буын өкілдері өздерінің азаматтық қоғамдағы рөлін 20,1% деп бағалаған.

1200 респондент қатысқан сауалнамада респонденттердің 16,8%-ы жастардың рөлін «орташа» деп бағалапты, оның себебін жастардың ресурсы мен білімінің жеткіліксіздігімен байланыстырады екен. Ал жастардың рөлін  «төмен» деп санайтын 25,8% респондент жастар саясатқа және әлеуметтік мәселелерге қызықпайды, ондағы өзгерістерге селқос қарайды деген пікірде.

Жалпы қоғамда “жастар –  ел болашағының барометрі” деген пікір жиі айтылады. Мұны Әбунасыр әл-Фараби айтты дейтін «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет» деген сөзбен шегелеп қоятындар да бар.

Алматы – жастардың қаласы. Оны осы қаладағы ЖОО-лар мен колледждердің санына қарап болжау қиын емес. Олардың қоғам дамуына қосар үлес жайлы бір жақты пікір айту қиын. Себебі жастардың дүниетанымы, білімі, құндылығы мен қызығушылығы әрқилы. Дегенмен оларды біріктіретін бір құндылық – отанға деген сүйіспеншілік. Туған жерге, туған елге, туып-өскен, есейген қала мен ауылына деген ыстық ықылас.

Осы орайда біз Алматы қаласының бірнеше тұрғынымен тілдесіп, олардың отаншылдық туралы ойын, туған жерге деген патриоттық сезімін қалай көрсететінін сұрадық.

Жастардың алғашқысы – Сәтбаев университетінің машина жасау-аддитифті өндіріс докторанты, студенттік SU Racing Team командасының жетекшісі Әлібек Ибраим. Әлібектің жетекшілігімен бұл команда  2018 жылы Сингапурға, 2019 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында, 2022–2024 жылдары Индонезияның Ломбок аралында, 2025 жылы Катарда, Дохада өткен халықаралық Shell Eco Marathon марафон жарысына қатысып, өздері жасаған энергия тиімді автокөлік прототипін таныстырып, жарыста жүлделі орындар мен марапаттар алған болатын. Ал биыл Әлібектің командасы Қытайдың Хэфэй қаласына бармақшы. Онда 27 қазаннан бастап «Формула студент» деген жарыс өтеді. «Формулы студент» – Формула 1 жарысының студенттер арасынағы аналалогы, клас бойынша формула 3-ке жақын.  

“Біз ол жарыстың электр категориясына қатысамыз. Бізде 80 киловаттық жылдамдыққа жүруге арналған болид бар. Сол болидпен, бұйырса, Қытайға, баруды жоспарлап отырмыз.  Қазір командада шамамен отызға жуық студент бар, көбі 1,2,3 және 4 курс студенттері. Бірнеше магистрант пен докторант та бар. Команда мүшелерімен бірігіп, көліктің прототиптерін жасаймыз. Бізі Қазақстандағы ең энерготиімді және үнемді электромобиль жасаған болатынбыз. Бір киловаттпен шамамен үш жүз километрге жуық жүреді - 2170 км/квт*сағ.  Енді тезірек және күрделірек машинаны жасап, құрастыру үстіндеміз.  Қазір сол машинаның ұсақ-түйек бөлшектерін жасауды аяқтап қалдық. Барлығы ойдағыдай болса қазан айының  басында машина түгел дайын болуы керек. Дайын болғанда Қазақстанда жасалған «Формула студент» жарыстарына арналған ең алғаш электр прототипі болмақшы. Ал жарысқа ойдағыдай қатысып Техникалық байқаудан өтсек, тарихта қалуымыз мүмкін”, – дейді Әлібек.

Әлібектің айтуынша, отаншылдық – өз отаныңды жақсы көру, оның барлық іс-әрекетіңмен, барлық жерде көрсету. Оған жеке адамның адал еңбегі, білімі, мәдениеті, өзін-өзі ұстауы барлығы кіреді.

«Біз жыл сайын түрлі елдерге барамыз. Қазақстанның туын үнемі  алып жүреміз. Индонезияда, Малайзияда, Катарда болдық. Енді, бұйырса, Қытайға барамыз. Мұндайда біздің әрбір ісіміз, сөйлеген сөзіміз, өзі жұмысымызға берілген адалдығымыз барлығы отанға деген махаббаттан, оның дамуына қосқан үлестен хабар береді деп ойлаймын. Мұндай жарыстар жастардың дамуына өте жақсы ықпал етеді. Жастар түрлі мәдениетті көріп, көкжиегі кеңейеді, жігерленеді, алға ұмтылады. Патриоттық сезім адам бойына бала күнінен қалыптасса, үлкейгенде дұрыс бағытқа бұрылады. Ал жас күнінен отанға деген сүйіспеншілік қалыптаспаса, үлкейгенде де сол күйі қала береді. Сол себептен жастарға бала кезінен дұрыс бағдар беріп, өзінің туған елін, өз отанын сүюді үйрету керек», – дейді Әлібек.

Ендігі бір жас кейіпкеріміз – Ернат Темірбеков.  Ернат «Тауғашық» атты туристік жоба ашып, туристерді тауға алып шығып жүр. Өзінің тауға деген сүйіспеншілігінің арқасында жеке кәсіп ашқан жігіт өзінен кейінгі жастарға «Жұмысың демалыс сияқты болуы тиіс. Өмір сүру, ойлану қиындап кетсе тауға шығуды әдетке айналдыр. Адамға оттегі қажет. Таза ауа сені дұрыс нәрсе ойлайтындай етеді. Шешілмеген сұрақтарға жауап табасың. Тынысың, демің ашылады. Ал бір жағынан спорт» деп жазады, инстаграмм парақшасында. Ол отаншылдық туралы

"Отаншылдық –  терең сезім. Туған жерің мен ана тіліңе деген ұлы махаббат. Әр адамның бойында патриоттық сезім болуы тиіс! Қайда барсам да қазақ тілі бірінші орында тұрады. Шетелдік кинолар мен кітаптар қазақ тіліне аударылса, бірінші қазақшасын таңдаймын. Қайда барсам да бірінші қазақша сөйлеуге, жауап беруге тырысамын. Туризмдегі «Тауғашық» жобам қазақ тіліндегі жалғыз турлардың бірі. Осы компанияны ашқалы көп адамды Қазақстанның табиғатымен таныстырдым. Жаңа бағыттар ашып, жастарды тауға шығуға, табиғатты қорғауға баулып бастадық", – дейді ол.

Отызға жетпеген жасында өзін мұндай жетістікке жетелеген  табиғатқа деген сүйіспеншілік деп есептейді. Бала күнінен бергі табиғатқа, тауға деген ықыласын Алматыдай еркін қала үлкен мүмкіндікке ұластырып, жеке кәсіп ашқандықтан да Алматыға деген махаббаты ерек. 2022 жылы 7 мамырда жоба ашылып, одан бері 15 000 турист Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстандағы атақты таулардың барлығын тамашалаған.

Жоғарыда Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде жастардың өз ұстанымдарын көрсететін алаңы әлеуметтік желі екені айтылған еді. Ернат Темірбековтың инстаграмм парақшасын қарап отырып, оның табиғатты, оның ішінде Қазақстан табиғатын түсірген бейнекөріністерін көріп, оларды көрген адамның туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсетініне тағы көз жеткіздік. Осы парақша арқылы ол көптеген адамды Қазақстанның табиғатын көруге ынталандырған, өзі көрсеткен, демек, сол арқылы туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттырған. Ал оның ар жағында экологияны сақтауға деген ниеттің жатқаны анық.

Келесі кейіпкеріміз – өзінің замандастарына кітап оқуды талмай насихаттап жүрген, қарапайым кітапханашы, журналист Нұрлыхан Жұмахан.

"Алматыда өтетін экоакциялар мен марафондарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін түрлі акцияларға ұдайы қатысып жүретін жас жігіт «Отаншылдық сөзі мен үшін «Құрмет» сөзімен тең сынды. Туған жеріңді бар жағынан қызғыштай қорғау, оның өзге елдерден кем тұсына көз жұма қарау, жеткен жетістігін бағалау, мақтан ету патриоттықтың белгісі. Жер бетінің қай нүктесіне барсаң да саған қамқор, сені қорғауында ұстайтын ол Отан, сондағы ағайының, бауырың», – дейді. 

Жеті жыл бой марафонға үзбей қатысып келе жатқан жас маман, отансүйгіштіктің алғашқы белгісі өз ісіңе адал болу деп есептейді.

“Менің ауыз толтырып айтатындай жетістігім жоқ. Әдеттегі қарапайым адамдар сияқтымын. 11 жыл мектепте білім алдым. 4 жыл университетте грантта оқыдым. Қазір қабілетім жететін жұмысты істей беретін белгілі бір ұйымдардағы қызметкермін. Жалпы, осы дүниеге келгенім ең үлкен жетістік шығар. Бәрі өз ретімен, уақытқа байланысты. Даму да, өсу де, өшу де…Өзіме марафон жүгіру, бірегей медалдарды жинау ұнайды. 7 жылдан бері тұрақты жүгіремін. Менің әр қадамым, күш-жігерім артқан сайын қуаныш сыйлайды.  Бәлкім жетістік осы болар?  Себебі, жетістікті, нәтежені біреу әкеліп қолыма ұстатпайтынын білем”, – дейді Нұрлыхан Жұмахан.

Нұрлыханның өзі айтқан отансүйгіштігінен бөлек, қазақ тіліне деген адалдығы ерекше. Оның жұмысын сырттай бақылай отырып,  кітапханаға   келген оқырманмен, қонақтармен оның ұлтына, тіліне қарамастан бірінші қазақ тілінде сәлемдесетінін, оқырман іздеген, сұраған кітап, ресурстарды қазақ тілінде іздеп, тауып беруге тырысатынын байқадық. Жас маманның өзі «Ұлттық тарих пен мәдениетке қатысты әдебиеттерді насихаттау, оқырманға қолжетімді ету үшін баспалармен, авторламен кездесуде бар білгенімді, көргенімді бүкпесіз айтып беремін. Пікірімді, ойымды елеп-ескеріп қандай да бір отандық баспа өнімін шығарса, іштей риза, мәз боламын. Патриоттығым осы шығар?..» – дейді.

Отанды сүю – оны мекен еткен адамдардың барлығына ортақ сезім. Ал оның белгілі бір өлшемі болмайды. Сол секілді отанға деген махаббатты көрсететін іс-қимылдың да үлкен-кішісі жоқ. Біз әңгімелескен әрбір жас туған елі – Қазақстанды шексіз жақсы көреді. Оны қал-қадерінше көрсетіп жүр. Жасампаздықтары да өздерінің саласына қарай, әрқилы. Ал ол  өз кезегінде отанына адал әрбір жасапмаз жастың өз айналасына патриоттықтың үлгісін барынша көрсетіп жүргенінен хабар береді.