Ол азаматтардың тұтынушылық құқығы бұзылғанын айтты
Кеше қазақстандық жанкүйерлер көптен күткен «Қайрат» – «Реал» матчын интернеттің нашар жұмысына байланысты толыққанды тамашалай алмады. Бұл мәселе Мәжіліс кулуарында көтеріліп, депутат Нартай Аралбай «Қазақтелекомның» қызметін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл жерде ең бірінші біздің тұтынушыларымыз монополияның құрбаны болып отыр. Қай тұрғын үй кешенінен пәтер алсаңыз да, сол жерге тек келісімшарт жасалған жалғыз компанияның интернетін орнатуға мәжбүрсіз. Таңдау жоқ. Монополияның салдары – бағаның да реттелмеуі. Қазақтелекомға қатысты да жағдай дәл осындай. Біз интернет дамып жатыр дейміз, бірақ қарапайым бір матчтың көрсетілімін ұйымдастыра алмаса, не айтуға болады?» – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, бұл жағдай тек техникалық ақау емес, азаматтардың тұтынушылық құқығының тікелей бұзылуы.
«Біздің азаматтарымыз тегін ештеңе сұрап отырған жоқ. Олар ай сайын қымбат тарифті төлейді. Ал төлем жасағаннан кейін өзіне қымбатты командасының ойынын көруге құқылы. Бірақ кешегі матчта ол арманы орындалмады», – деді ол.