Бұл туралы оның ағасы мәлімдеді.
Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстанның маңызды тұлғаларының пантеонына енгізілді. Бұл жаңалықты марқұмның ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, ол анасымен бірге Қостанай облысындағы «Амангелді» тарихи-мемориалдық кешеніне арнайы барған. Бұл жерде ел тарихына елеулі із қалдырған тұлғаларға арналған пантеон мен мемориалдық қабырға орналасқан.
Пантеонда Салтанаттың есімі Қазақстан тарихында өз ізі қалған тұлғалар қатарында жазылып, мемориалдық тақта орнатылды. Бұған дейін Павлодардан әкелінген топырақты осы жерге табыстаған едік - ол қазір капсула түрінде сақтаулы. Салтуды ел тарихына әсер еткен тұлғалардың қатарынан көру – біздің отбасымыз үшін үлкен құрмет, – деп жазды ол.
Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасына қараған түні Астанадағы BAU мейрамханасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз жұбайы Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып, көмек көрсетпестен бірнеше сағатқа тастап кеткен. Ауыр соққы салдарынан Салтанат көз жұмған.
2024 жылдың 13 мамырында Астанада өткен сот процесінде Бишімбаев айыпты деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.