Салтанат Нүкенова және «Ұлттық жады қабырғасы»: әкімдік түсініктеме берді

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенованың есімі «Қазақстанның көрнекті тұлғалары пантеонына енгізілді» деген болатын. 

Qaz365.kz

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақта «Ұлттық жады қабырғасы» мемориалында орналасқан» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Амангелді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.

Не белгілі

2020 жылдан бастап Қостанай облысының Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы жүргізіліп келеді. Кешен аумағында пирамида, «Аль-Гамбра» кафесі, «Бразилия» қонақ үйі, Эйфель мұнарасының, Нью-Йорктегі «Бостандық мүсінінің», Мексикадағы Майя өркениетінің Чичен-Ица пирамидасының көшірмелері, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдары сияқты нысандар салынған.

Туристік хаб аумағында «Ұлттық жады қабырғасы» атты мемориалдық қабырға орналасқан. Онда Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалардың есімдері жазылған 296 ескерткіш тақта орнатылған. Бұл нысан 2024 жылғы 23 мамырда монументалды өнер нысандарын орнату жөніндегі республикалық комиссиямен ресми түрде келісілген және кейін жергілікті атқарушы органның балансына берілген.

Не анықталды

Әкімдік мәліметінше, Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақта ресми «Ұлттық жады қабырғасында» емес, туристік кешеннің басқа бір жеке меншік нысанында орнатылған. Бұл – меценаттың жеке бастамасымен жүзеге асқан іс. Аталған тақталар «Ұлттық жады қабырғасына» ешқандай қатысы жоқ.

Туристік кешен аумағында меценаттың жеке қайырымдылық қоры қаражатына орнатылған бірнеше ондаған тақта бар. Солардың қатарында Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта да бар. Бірақ ол мемориалдық қабырға құрамына кірмейді, - деп атап өтті әкімдік өкілдері.

Алдын ала ақпарат

Бұған дейін марқұмның бауыры Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде Салтанат Нүкенованың есімі «Қазақстанның көрнекті тұлғалары пантеонына енгізілді» деп хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бұл отбасы үшін үлкен құрмет болған.

Салтанат Нүкенова 2023 жылдың қарашасында күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан еді. Бұл қылмыс елде үлкен қоғамдық резонанс туғызып, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы кең ауқымды қозғалысқа себеп болды.

2024 жылдың 13 мамырында Астана соты Қуандық Бишімбаевты азаптау және адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл оқиға Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы қайта қарауға түрткі болды.