Ең төменгі зейнетақы 2028 жылға қарай 61 мың теңгеден асады
Қазақстанда 2026 жылдан бастап зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен өседі. Бұл мәлімет республикалық бюджет туралы заң жобасында келтірілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне республикалық бюджеттен 6,8 триллион теңге бөлінеді. Оның 6,7 триллионы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ.
Зейнетақы көлемі қандай болады?
Құжатқа сәйкес, алдағы үш жылда орташа зейнетақы мөлшері былай өзгереді:
2026 жылы – 103 687 теңге,
2027 жылы – 108 940 теңге,
2028 жылы – 113 995 теңге.
Базалық зейнетақы да біртіндеп өседі:
2026 жылы – 54 082 теңге,
2027 жылы – 58 276 теңге,
2028 жылы – 61 527 теңге.
Яғни үш жылдың ішінде зейнетақы шамамен 10 мың теңгеге жуық өседі.
Қазір ең төменгі базалық зейнетақы — 32 360 теңге, ал ең жоғарғысы — 50 851 теңге.
Бюджеттен қанша бөлінеді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2026 жылы 6,8 триллион теңге қарастырылған. Оның 6,7 триллионы – зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ.
Бюджет көлемі жыл сайын ұлғаяды:
2026 жылы – 6,7 трлн теңге,
2027 жылы – 7,4 трлн теңге,
2028 жылы – 8 трлн теңге.
Қазір елде 2025 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша 2,5 миллионнан астам зейнеткер бар.
Қалған қаржы қайда кетеді?
Әлеуметтік төлемдерден кейін министрліктің қолында 51 миллиард теңге қалады. Бұл қаржы келесі бағыттарға жұмсалады:
еңбек және әлеуметтік саясатты дамытуға – 12 млрд теңге;
әкімшілік шығындарға – 10 млрд теңге;
әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге – 13 млрд теңге;
өңірлерге трансферттер мен әлеуметтік нысандар салуға – 11 млрд теңге.
Қалған 5 миллиард теңге есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуға, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге және әлеуметтік саладағы мемлекеттік ұйымдардың күрделі шығындарын өтеуге жұмсалады.