Аймағамбетов құрылыс кодексінің жобасын әзірлеушілерді маңызды нормаларды алып тастады деп айыптады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Құрылыс кодексінің жобасында әлеуметтік салаға қатысты маңызды нормалар ескерілмей қалғанын, депутаттардың түзетулері әзірге қабылданбағанын мәлімдеп, министрді қатты сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аймағамбетовтың айтуынша, былтыр депутаттар мектеп пен балабақшасыз көпқабатты үй салуға тыйым салатын заң қабылдаған. Бұл заң жұмыс істей бастағанымен, жаңа кодекс жобасында ол норма мүлде жоқ болып шыққан.
«Бұл кімге тиімді? Неліктен? Қазір тұтас шағынаудандар мектеп пен емханасыз салынып жатыр. Мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, ал балаларға оқитын да, ем алатын да жер жоқ. Бұл – әділетсіздік. Біз нақты ұсындық: мектеп, балабақша және емхана жоқ жерде құрылысқа рұқсат берілмесін», — деді депутат.
Қауіпсіздік құлыптарын міндеттеу нормасы
Аймағамбетов тағы бір өткір мәселеге тоқталды — көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардағы терезе қауіпсіздігі. Былтыр депутаттар балалар терезеден құлап кетпеуі үшін қауіпсіздік құлыптарын міндеттеу нормасын енгізген. Алайда жаңа кодексте бұл талап та жоғалып кеткен.
«Иә, мүмкін застройщиктерге қымбат шығар. Бірақ бала өмірінен қымбат не бар? Егер осы норманың арқасында бір ғана баланың өмірі сақталса — ол заңда міндетті түрде болуы тиіс», — деді Аймағамбетов.
Әлеуметтік нысандарға арналған жерлер неге жоғалып кетеді?
Депутат геологиялық зерттеу саласының бақылаусыздығына да тоқталды. Кейбір компаниялар зерттеу қорытындысын тіпті алаңға шықпай-ақ сатып алатынын айтты. Сондай-ақ сөзінше, кейбір ПДП-ларда мектеп пен балабақшаға арналған жер телімдері кейін тұрғын үйлер мен сауда орталықтарына беріліп кетеді.
«Бұл да өте өзекті тақырып. Кейбір жер телімдері ПДП-да мектеп пен балабақша үшін белгіленген. Алайда уақыт өте келе сол жерде тұрғын үй, сауда орталығы, тіпті түнгі клуб салынып кетеді. Немесе бар мектепті “апатты” деп танып, оның орнына тұрғын үй салып, мектепті қаланың шетіне көшіреді. Біздің ұсыныс: әлеуметтік нысандарға бөлінген жердің мақсатты пайдалану түрін өзгертуге қатаң тыйым салу, тек балама жер учаскесі 100 метр радиуста берілген жағдайда ғана рұқсат ету», — дейді Аймағамбетов.
«Сапасыз құрылыс үшін жауапкершілік күшеюі керек»
Аймағамбетов құрылысшылар мен әкімдіктер арасындағы меморандумдардың да заңдық күші жоқ екенін сынға алды.
«Үй салуға рұқсат беріңіздер, кейін мектеп саламыз” дейді. Бірақ бұл жай уәде ғана. Сондықтан біз ұсынып отырған тетік — бұл енді заңды міндеттеме болуы тиіс», — деді ол.
Депутат сапасыз нысандардың көбеюін жазасыздық пен аз айыппұлдармен байланыстырды.
«Біздің ұсыныс: құрылыс нормаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды бірнеше есе арттырып, аса өрескел бұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Қазір мұндай норма жоқ. Көп жағдайда бізге айтады: “Бұл нормаларды заңға емес, кейін бұйрықтар мен қағидаларға енгізейік» дейді. Бірақ заң мен бұйрықтың айырмасы орасан зор. Заң – ең жоғары заңдық күші бар акт. Оны министрдің бұйрығымен немесе хатпен өзгертуге болмайды – тек Парламент арқылы ғана. Заңдағы нормаға сотта сілтеме жасауға, оның орындалуын талап етуге және бұзғандарға жауапкершілік жүктеуге болады. Ал басқа актілер – бүгін қабылданады, ертең жойылады. Сондықтан біздің барлық ұсыныстарымыз – ар-ождан мен әділеттің нормалары», — деді Аймағамбетов.