Ермұрат Бапи: Халық пен әскер арасын ушықтырмауымыз керек

Qaz365.kz редакциясы

Ол сондай-ақ жастарды патриот әрі отан қорғаушы ретінде тәрбиелеу қажеттігін ерекше меңзеді

Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әскер мен қоғам арасындағы қатынас мәселесі туралы пікір білдіріп, жастарды әскерге патриоттық тәрбиемен, отбасыдан бастап дайындау керегін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен телефондар арқылы туындап жатқан дауларды айыптап, әскери қызмет пен халық арасында үнемі шиеленіс болмауы қажет екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, әскери қызмет — қоғамның бөлігі, ал әскери тәртіп пен азаматтық тәрбие ең алдымен отбасы деңгейінен басталуы тиіс.

«Әскер деген қоғамның бір бөлігі. Кеше жүрген жігіт бүгін әскерге барды. Қоғам шулады деп ондай мәселе тоқтамайды. Бұл отбасынан басталатын мәселе. Өзіңнің балаңды әскерге дайындаудан басталады», — деді депутат. 

Ол сондай-ақ жастарды патриот әрі отан қорғаушы ретінде тәрбиелеу қажеттігін ерекше меңзеді.

Ермұрат Бапи қазіргі ақпараттық құралдардың, әсіресе телефондардың, қоғамда мәселе туғызудағы рөлін сынап, шағын жарқын оқиғалардың тез арада қоғам назарын аударып, дүрбелеңге әкеліп соғатынын атап өтті. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, депутат үш жыл әскери теңіз флотында қызмет еткенін және әскери тәртіптің қатаң талаптарын бастан кешіргенін айтты.

«Бізде сәл бірнәрсе бола қалса, қоғамға телефонмен бірден жеткізеді. Әлемде соғыс жағдайы өршіп тұрған кезде халықпен әскердің арасын ушықтырмауымыз керек», — деді ол. 

Сонымен қатар депутат қоғамда әскерге қарсы әрекет ететін топтар барын, және кейде жолда жүрген азаматтардың арасында қақтығыстар туындайтынын атап көрсетті. Бапи мұндай жағдайларды бірнеше офицердің ғана ретке келтіре алмайтынын, бұл — қоғамның жалпы мәселесі екенін баса айтты.

Депутат Түркия тәжірибесін мысалға келтіріп, әуелде жігіттерді отан қорғауға жіберу кезінде ұлттық тәрбиенің маңызды рөл атқарғанын айтты: «Сен отан қорғауға кетіп бара жатсың, сен өлсең сенің сұрауыңды сұрамаймын. Отан қорғау жолында сен шаһид болып кететін болсаң, сенің қазаң адал елдік, ұлттық тәрбиенің нышаны болған».

Ермұрат Бапи өз сөзінің соңында қазіргі Қазақстанда дәл сондай традицияны қайталау мүмкіндігі әрқашан бар деп айту қиын екенін, бірақ азаматтарды отан қорғауға және еркектік болмысқа дайындау маңызды екенін жеткізді.