Алматыда бұрын атауы болмаған 156 көшеге жаңа атау берілді
Алматы қаласында бұрын атауы болмаған көшелерге атау беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz
Қалалық топонимиканы жаңарту жұмыстары тарихи жадыны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және мегаполис тұрғындары үшін ыңғайлы мекенжай жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Жалпы қала бойынша бұрын атауы болмаған 156 болған көшеге атау берілді.
«Әр ауданда тұрғындарға мекенжай мен тіркеу мәселесінде қолайсыздық тудыратын көшелерді анықтап жатамыз. Біз олардың тізімін жасап, тиісті органдарға ұсынамыз. Көшелерге атау беру кезінде негізінен қазақ топонимдері – жергілікті табиғи және географиялық ерекшеліктерді бейнелейтін атаулар, сондай-ақ көрнекті тарихи тұлғалардың есімдері пайдаланылады. Бізде Алматы қаласынан шыққан және қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар қамтылған республикалық тізім бар. Осы ұсыныстар жергілікті ономастикалық комиссияда қаралып, кейін мәслихат пен республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі», - деді Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.