Қызылордада 320 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді

Qaz365.kz редакциясы

Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты

Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық шара аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй кешенінің ашылуы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, жаңа қоныс иелерін құттықтады.

«Сыр өңірінде Президентіміз бен Үкіметтің қолдауымен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік әлеуметтік саясат табысты жүзеге асуда. Соңғы үш жылда облыста қаржыландырудың барлық көзінен 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер беріліп, 25 мыңға жуық тұрғын жаңа қонысына ие болды», – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, биылғы жылы облыс бойынша тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3 800 пәтерді сатып алуға 58,8 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде жыл соңына дейін 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда 5 600 пәтер тұрғындарға тапсырылған. Тек өткен айдың өзінде 280 пәтерлік 7 тұрғын үйдің кілті жаңа қоныстанушыларға табысталды.

«Өткен жылдан бастап Қызылордада заманауи жаңа дизайнмен 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Бүгін – мемлекет қолдауымен жаңа баспанаға ие болған әр отбасы үшін қуанышты күн. Жаңа қоныстарыңыз берекелі, шаттыққа толы болсын!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шара соңында жаңа үйдің құрылысын жүргізген құрылысшыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменов жаңа қоныс иелерін құттықтады.