Тексеру барысында 451 азамат тұрғын үйді жалға алу шарттарын бұзғаны белгілі болды
Шымкент қаласында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы аясында берілген 451 пәтер заңсыз пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz Ұлттық арнаға сілтеме жасап.
Тексеру барысында 451 азамат тұрғын үйді жалға алу шарттарын бұзғаны белгілі болды. Кейбір жалға алушылардың өз атына тіркелген жеке баспанасы болған, ал кейбірі бұған дейін басқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйлі болған.
Сонымен қатар, пәтерлерді үшінші тұлғаларға жалға беру фактілері де тіркелген. Бұл жағдайлар жалға беру шарттарына тікелей қайшы келеді.
Тексеру нәтижесінде 451 пәтерді қаланың коммуналдық меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды.
«Тұрғын үй басқармасына бұл бойынша ескерту берілді. Бағдарлама шартын бұзған 439 пәтерді босату бойынша сот органдарына талап-арыздар түсірілді. Оның екеуі бүгінгі таңда қанағаттандырылды», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
2019 жылы Шымкент қаласында жастарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үйлер берілген болатын. Бағдарлама шартына сәйкес, азаматтар бұл пәтерлерде 5 жыл бойы жалдап тұруы тиіс еді.
Алайда тексеріс кезінде кейбір жалға алушылардың өз меншігінде тұрғын үйі бола тұра, мемлекеттік бағдарлама аясындағы пәтерлерді иемденгені және тіпті басқаларға жалға беріп, пайда тапқаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған пәтерлерді қалалық коммуналдық меншікке қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Пәтерді босатудан бас тартқан тұрғындар сот шешімі арқылы шығарылатын болады, деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Шымкент әкімдігі алдағы уақытта мұндай заңсыздықтардың алдын алу үшін тұрғын үй бағдарламаларына қатысушыларды қатаң тексерістен өткізетінін хабарлады.