Жұмыссыз қалған қазақстандықтар 95 млрд теңге әлеуметтік төлем алды. Қалай рәсімдеуге болады?

Qaz365.kz редакциясы

Төлем алу үшін бар болғаны бірнеше қадам жеткілікті

ашық дереккөзден

Жұмысынан айырылған 285 мыңға жуық қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 95 миллиард теңге болатын төлем алды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, жұмыссыз қалған азаматтарға төлем алу үшін бар болғаны бірнеше қадам жеткілікті:

  1. eGov.kz немесе enbek.kz порталына кіру;
  2. «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  3. Өтінім формасын толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою және жіберу;
  4. Бір күн ішінде мансап орталығы қолжетімді бос жұмыс орындарын ұсынады;
  5. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа “жұмыссыз” мәртебесі беріледі.

Тіркеу аяқталған соң жүйе азаматтың телефонына SMS хабарлама жібереді. Онда төлем рәсімдеуге келісім беру ұсынылады. Азамат SMS арқылы жауап берсе, төлем автоматты түрде тағайындалады, ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.

Төлем мөлшері бұрынғы табыстың 45%-ына дейін, ал мерзімі 1 айдан 6 айға дейін болады. Ол еңбек өтілі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу кезеңіне байланысты есептеледі.

Министрліктің хабарлауынша, бұл төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан жүзеге асырылады және азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған.