Бұл мүмкіндік «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық сервис арқылы іске асып жатыр
Алматыда әлеуметтік осал топтарға тауарлық газ үшін 31,8%-ға дейін жеңілдік беріледі. Бұл мүмкіндік «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық сервис арқылы іске асып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
QazaqGaz Aimaq компаниясының Алматы өндірістік филиалының директоры Ақылбай Сапаровтың айтуынша, жеңілдік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен тұрғын үй көмегін алатын отбасыларға арналған. Олар жеңілдікті eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы электронды ваучер түрінде пайдалана алады.
«АӘК пен тұрғын үй көмегін алушыларға әр айдың 10-ынан бастап 1414 нөмірінен ваучер туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Ал 25-іне дейін олар “Әлеуметтік әмиян” қосымшасындағы “Газ және отын” бөлімінде жеке шоттарын енгізіп, ваучерді белсендіре алады. Жеңілдік мөлшері түбіртекте көрсетіледі», – деді Сапаров.
Биыл іске қосылған бұл жоба – былтыр желтоқсан мен биылғы сәуір аралығында табысты сынақтан өткен пилоттық бағдарламаның жалғасы. Сол кезеңде 9,4 мыңнан астам адам жеңілдікті пайдаланып үлгерген.
Қазір Алматыда халық үшін газдың 1 текше метрінің бағасы 43,99 теңге болса, ваучермен бұл баға 29,98 теңгеге дейін төмендейді.
Жаңа жүйенің артықшылықтары:
жеңілдікті онлайн түрде алу және қағазбастылықтан арылу;
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен QazaqGaz Aimaq деректер базасымен автоматты сәйкестендіру;
қателіктерді болдырмай, процесті ашық және жедел ету.
QazaqGaz Aimaq компаниясының маркетинг және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Дауржан Дарбозов бұл жобаның әлеуметтік әділдікке негізделгенін атап өтті.
«Әлеуметтік әмиян – бұл жай ғана жеңілдік емес, көмекті әділ және тиімді үлестірудің тетігі. Отбасы ваучерді өзі іске қосып, түбіртекте нақты жеңілдікті көргенде, мемлекеттің қолдауын шынайы сезінеді», – деді ол.
Қазіргі таңда Алматыда әлеуметтік көмек алатын 224 отбасының 70-і ваучерді іске қосқан (31%). Сонымен бірге газға қосылуға берілген өтініштердің 71%-ы онлайн түрде қабылданып, 5,5 мыңнан астам азамат eDogovor порталы арқылы электрондық келісімшарт жасаған.
Компания өкілдері газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін де еске салды:
газ құрылғыларын қараусыз қалдырмау;
тарту жүйесін және желдетуді үнемі тексеру;
пешті жылыту мақсатында пайдаланбау;
газдың иісі шықса, бірден кранды жауып, бөлмені желдетіп, 104 нөмірі бойынша апаттық қызметке хабарласу қажет.
«Газ жүйесіне техникалық қызмет көрсету туралы келісімшартты тек мамандандырылған ұйымдармен жасау керек. Бұл оқыс жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы», – деп қосты Ақылбай Сапаров.