Жыл басынан бері азық-түлік тауарларының бағасы 8,4 пайызға өскен
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға 12 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8,4 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (8,1%) сәл жоғары.
Әкімдік бағаны тұрақтандыру мақсатында бөлінген қаражаттың 8,3 млрд теңгесін өндірушілерден өнімді тікелей жеткізуге және Magnum сауда желісінде бағаларды белгілеуге бағыттаған.
«Біздің басым бағыттарымыздың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты деңгейде ұстау. Өйткені бұл әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті біз жүйелі әрі жедел түрде әрекет етеміз», – деді Олжас Смағұлов.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша жалпы көлемі 26 мың тонна өнімге келісімшарт жасалған. Өнімдер Алматыға делдалсыз, ірі өндірушілерден тікелей жеткізіледі.
Сондай-ақ қыс-көктем мезгіліне көкөніс жеткізуді қамтамасыз ету үшін ірі жеткізушілермен меморандумдарға қол қойылған.
14 мың тоннадан астам өнім 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылдың мамырына дейін сауда желілеріне үздіксіз жеткізіледі.