Ел экономикасының түрлі салаларында 9,3 миллион адам еңбек етуде
Еңбек адамы тек зауыт не өндіріс орнындағы жұмысшы ғана емес, ол – өз ісіне адал, кәсібін жауапкершілікпен атқаратын кез келген жан. Мұғалім де, дәрігер де, инженер мен шаруашылық иесі де қоғамның алға басуына үлес қосып, еңбек нарығын дөңгелетіп отыр. Олардың әрқайсысы өз саласында тер төгіп, ел дамуының іргетасын қалайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел экономикасының түрлі салаларында 9,3 миллион адам еңбек етуде. Оның ішінде 7,1 миллион адам немесе 76,8 пайызы – жалдамалы қызметкерлер, ал 2,2 миллион адам (23,2 пайыз) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығының құрылымында жалдамалы еңбектің басым екенін және жеке кәсіппен айналысатын азаматтардың да экономикалық белсенді топ ретінде маңызды рөл атқаратынын аңғартады.
Бүгінде қоғамда еңбек адамның бейнесі қалыптасып, олардың еңбегі ел ішінде еленіп те жүр. Мысалы, Гүлмира Темірәлиқызы сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған жанның бірі. Яғни, нәзік талғам мен табандылықты қажет ететін тігіншілікті жанына серік етіп келеді.
«Бала кезімнен арман болған іс – бүгінде сүйікті кәсібіме айналды. Құрақ құрағанда ерекше бір ләззат аламын, шабыт өзінен өзі келеді. Кейде тігінге беріліп кетіп, тіпті күн мен түнді шатастырып алатын сәттер де болады. Ұйықтамай отырып құрақ тіккен түндерім де бар. Жалпы, құрақтың да өз тілі бар ғой. Мысалы, «құдық» құрақтан бастап, кейін «амандасу» құраққа өтемін - ойдан ой, идеядан идея туып, шабыт тоқтамайды. Құрақты «мына уақытта бітіріп тастаймын» деп айтуға болмайды. Себебі оған арнайы уақыт бөлмей, жүрегіңмен, ықыласыңмен кірісу керек.
Қазір әлеуметтік желіде «қыз жасауына арналған құрақ көрпе сатам» дегендер көп. Бірақ көпшілігі оның мағынасын, мәнін түсіне бермейді. Негізінде, қыз жасауындағы құрақтың мақсаты - ана мен қыздың арасындағы үнсіз сөйлесу, жүректен шыққан тілек. Мысалы, кейбір құрақтар «төрт құбылаң тең болсын», «атқамінер ұл тап» деген жақсы ниетті білдіреді. Сондықтан тігінші сол мағыналарды түсініп, әрбір құрақты жауапкершілікпен тігуі керек деп ойлаймын», – дейді тігінші.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» жарияланып, еңбекқор әрі өз ісінің шеберлерін қолдауға айрықша назар аударылып отыр. Осындай еңбек адамдарының қатарында Сарыағаш қаласында дүниеге келген жас маман Ердос Исақ та бар. Ол мектеп бітірген соң «Серпін» бағдарламасы арқылы Петропавл қаласына аттанып, инженер-технолог мамандығын игерді. Қазір Ердос Түркістан облысындағы индустриалды аймақта орналасқан заманауи тоңазытқыш зауытында жұмыс істейді. Бұл өндіріс орны аймақтағы жаңа жобалардың бірі саналады. Мұнда инженер-технолог ретінде Ердос өндіріс процесінің әр кезеңіне тікелей жауапты. Ол өнім көлемін есептеп, электронды үлгілерін жасайды, операторлардың жұмысын үйлестіреді және сапаны тұрақты түрде қадағалап отырады. Жас инженердің тиянақты еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі зауыттың үздік жұмысын қамтамасыз етіп отыр.
– Зауыттағы әр күнім нақты жоспармен басталады. Алдымен технологиялық карта жасалып, қолданылатын шикізаттың сапасы тексеріледі. Оған өзім жауаптымын. Өйткені өндірістегі әрбір ұсақ-түйек дүние дайын өнімнің сапасына тікелей әсер етеді. Өнімнің ұзақ мерзім қызмет етуі біздің басты мақсатымыз. Сол себепті әр тоңазытқыштың ішкі құрылысына дейін мұқият қарап, стандартқа сай болуын қамтамасыз етеміз. Қазір зауытта 130-ға жуық адам жұмыс істейді. Әр бөлім өз міндетін жақсы атқарса ғана күн соңында нәтиже жоғары болады. Бір күнде орта есеппен 40 дана тоңазытқыш пен мұздатқыш шығарамыз. Бұл аз еңбек емес. Әсіресе, инженер үшін ең жауапты сәт – жаңа технологияларды меңгеру мен қауіпсіздік талаптарын сақтау. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін, себебі өз қолыңмен елге қажетті өнім жасап шығаратынымды мақтан тұтамын. Болашақта осындай өндірістер көбейсе екен деймін, – деді ол.
Расымен де, халықтың күнделікті тұрмысына қажетті кез келген дүниенің артында жұмысшы мамандардың маңдай тері мен еңбегі жатыр. Негізгі тіршілігіміз де осы еңбек адамдарының қажырлы қызметімен тығыз байланысты. Десе де, қоғамда жұмысшы мамандығына қатысты біржақты түсінік әлі де бар. Көпшілік жоғары білім алып, кеңседе жұмыс істеу ғана табысқа жетудің жалғыз жолы деген жаңсақ пікірде. Алайда қазіргі еңбек нарығы бұл пікірдің ескіргенін дәлелдеп берді. Себебі бүгінде инженер, электрик, механик пен дәнекерлеуші сияқты техникалық мамандардың еңбекақысы кейбір кеңсе қызметкерлерінің жалақысынан екі есеге дейін жоғары. Қазір елімізде 772 колледж жұмыс істейді, онда 556 мыңға жуық студент кәсіптік-техникалық білім алуда. Соңғы екі жылда Мемлекет басшысының тапсырмасымен студенттердің шәкіртақысы екі есеге артқан. Биылдың өзінде сұранысы жоғары мамандықтар бойынша 153 мың студент тегін білім алуға мүмкіндік алды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 10 мың орынға көп. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі, яғни 70 пайызы, машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және өзге де техникалық бағыттарға бөлінген.
Қазіргі таңда елімізде еңбекке қабілетті халықтың саны 9,6 миллионнан асады. Бұл – Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Оның ішінде 2,3 миллионнан астам адам екі мыңға жуық жұмысшы мамандығы бойынша түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Демек, технология қанша дамығанымен, адам қолының шеберлігі мен кәсіби еңбегінің құны ешқашан жойылмақ емес. Сондықтан болар қолынан іс келетін жандарға еңбек нарығында әрдайым сұраныс та жоғары болады.