Азаматтық қоғамның жаңа дәуірі: 27 мың игі іс жасалды

Qaz365.kz редакциясы

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттырып, нақты қоғамдық диалог орнатуға бағытталған кешенді стратегияны жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соңғы жылдары азаматтық қоғамды дамыту бағытында ауқымды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Олардың қатарында:

  • «Қоғамдық бақылау туралы» Заң;

  • «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және ҮЕҰ гранттары туралы» түзетулер;

  • «Волонтерлік қызмет», «Қайырымдылық», «Қоғамдық кеңестер» және «Медиация туралы» заңдарға енгізілген толықтырулар бар.

Қоғамдық кеңестердің рөлі артты

Соңғы үш жылда азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 23%-ға өсіп, қоғамдық кеңестер құрамындағы қатысу деңгейі 86%-ға жетті.
Жастардың үлесі де 15%-ды құрап отыр.
Бұдан бөлек, алғаш рет квазимемлекеттік секторда 13 жаңа қоғамдық кеңес құрылды.

ҮЕҰ-ға қолдау екі есеге артты

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен грант саясаты жаңартылып, жобаларды іріктеу мен есеп беру жүйесі жетілдірілді.
Соңғы бес жылда 10,3 млрд теңгеге 556 жоба қаржыландырылды.
Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңге болатын 104 грант жүзеге асырылуда.

ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы байқауына қатысу белсенділігі де рекорд жаңартты — өтініштер саны 135-тен 208-ге, ал жеңімпаз ұйымдар саны 73-ке жетті.

Волонтерлік қозғалыс күшейіп келеді

2021–2026 жылдарға арналған екі кезеңдік Жол картасы қабылданып, 85 нақты іс-шара іске асырылуда.
Бүгінде елімізде 20 өңірлік волонтерлік орталық пен мыңдаған белсенді жас бар.
Соңғы жылдары 275 жоба және 1200 бастама жүзеге асты.

Қазақстан волонтерлері БҰҰ құрылымдары аясында Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдерінде қызмет етіп жүр.

Соңғы бес жылда азаматтардың белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігі артып, Азаматтық қоғам сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл «Игі істер марафоны» аясында ел бойынша 27 мыңнан астам игі іс атқарылды. 

2020 жылдан бері Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 232 ерікті Мемлекет басшысы бастамашы болған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының иегері атанды.

Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат Әділетті Қазақстанды құрудың басты тетіктерінің бірі болып отыр – онда азаматтардың бастамасы, ҮЕҰ-ның белсенділігі және мемлекеттің ашық серіктестігі тоғысқан.